Untitled Document

Ұлы Қытай қорғаны

Қытайдың Миң әулеті (1368-1644) тұсында салынған қорғаныстық ұзын құрылыс. Қытай Қорғанының шығысы Ляудұңның Жолбарыс тауынан басталып, батысы Гансудағы Жяйүйгуанға дейін барады, жалпы ұзындығы 6700 км артық. VII ғ-дан ХVII ғ-ға дейінгі 1000 жылда шамамен 10 патшалық әулеті құрылыс салып, осы қорғанды жасаған. Қытай қорғанының құрылысы Қытай тарихындағы Чуньцю («Көктем және күз» б.з.б. 770-476 жылы) және Чжаньго («Жауласқан патшалықтар» б.з.б. 475-221 жылы) заманында салына бастаған. Ол кезде Хуанхэ алқабында жеті шағын патшалық жеке-дара өмір сүрді. Олар өздерінің солтүстігіндегі ғұн және дунхулар сияқты көшпелі тайпалардан қорғану үшін өз шекараларына қорғаныс қамалдарын тұрғыза бастады.

Б.з.б. 221 жылы тұңғыш император Цинь Шихуанди өзге алты патшалықтың басын біріктіріп, біртұтас Қытай империясын құрды. Ол әр патшалық тұрғызған үзік-үзік қорғаныс қамалдарын бір-біріне жалғастырып салдырды. Оның ұзындығы 5000 километрге жетті.

Хань империясы заманында қорған-қамалдар шығыста Ляодун түбегінен батыста Линьтаоға (қазіргі Ганьсу провинциясының жерінде) дейін жеткізілді. Қорғаныс қамалдарының бұзылып, бүлінген жерлерін Қытайды билеген әрбір патшалық жөндеп, қалпына келтіріп отырды.

1961 жылы ҚХР үкіметі қорғанның көптеген тұстарын қайта қалпына келтіріп, мемлекет қорғауына алды.

Ал 1987 жылы ол адамзаттық мәдени құндылық ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мәдениет және табиғат ескерткіштері тізіміне кіргізілді.