Untitled Document

Сұхбат... Тәкаппарлықтың зияны

Күнәға бір тәубе жеткілікті, жақсы амалдарда тәубе жеткіліксіз. Күнә істеген адам тәубе етсе, Аллаһу та'ала кешіреді. Бірақ ғибадат еткен адам тәкәппарлыққа түсуі мүмкін. Бұған тіпті мың тәубе де жеткіліксіз. Исраил ұлдарынан бір пасық (күнәһар) адам болады. Сол кездері бір абидтің (әрдайым ғибадат ететін адамның) да көп ғибадат етуі арқылы аты шығып, абырой табады. Пасық осы абидтің жанынан өтіп бара жатып, «Осы абидтің жанына барып отырайыншы, мүмкін Аллаһу та'ала оның құрметіне мені кешірер» деп ойлайды. Барып абидтің жанына отырады. Ал абид болса, үстінде бұлт көлеңке қылып тұрған адам болғаны үшін менменсіп, «Бұл күнәһар менің жанымда отыруға лайық емес» деп одан бетін бұрады. Абидтен ілтипат көре алмаған пасық мұңайып орнынан тұрып кетіп қалады. Бірақ абидтің үстіндегі бұлт пасықпен бірге кетеді. Аллаһу та'ала сол заманның пайғамбарына «Адамдарға ниеттеріне қарай мәміле жасаймын. Пасықтың күнәларын оның осы жақсы ниеті үшін кешірдім. Ал абидтің ғибадаттарын тәкәппарлығы үшін жоқ қылдым» деп білдірді.

Көңіліме тәкәппарлық келуінен қорықтым

Аллаһу та'аланың әулиелерінен болған бір кісі Рамазан айында шәкірттерімен бірге бір қалаға бару үшін жолға шығады. Қалаға жақындаған кезде бір топ адамның оларды қарсы алу үшін жолдарды толтырғанын көреді. Мүбәрак кісі бірден дорбасынан қатқан нанды шығарып аузына салады. Бұны көрген көпшілік «Біз бұл кісіні үлкен ғалым, әулие деп танитын едік, ал бұл болса Рамазан айында ораза тұтпапты, оның үстіне бәрінің көзінше нан жеп жатыр. Бұндай адаммен сөйлесуге бола ма?» деседі де, тарап кетеді.

Шәкірттері бұл істеген әрекетінің себебін, хикметін сұрағанда, «Соншалықты адамның біз үшін көшелерді толтырғанын көргенімде көңіліме тәкәппарлық келуінен қорықтым, олардың көзінде төмен болып көрініп, нәпсімді түсіру үшін осылай істедім. Нанды шайнадым, бірақ жұтпадым. Көргендердің бәрі мені нанды жеп қойды деп ойлады. Көңіліме тәкаппарлық орналасып, Аллаһу та'аланың азабына себеп болсам, жағдайым не болар еді?» дейді.