Untitled Document

Ғибратты оқиға... Жабылмаған есік

Бір замандарда әкім қызметінде болған бір кісінің тамаша бақшасы бар еді. Түрлі-түсті гүлдермен безендірілген, нағыз жанның тыныш табатын, демалатын жері еді. Бір күні әкім осы бақшасына келеді. Бұл жерде бағбанның әйелін көреді. Бұл әйел өте сұлу болатын. Әкім бір сылтаумен әйелдің күйеуі болған бағбанды бір жұмыс тапсырып сыртқа жібереді. Әйелге:

– Бақшаның есіктерін жап. Ешбір есік ашық қалмасын! - дейді. Әйел ақылды әрі намысты болатын. Әкімнің өзіне жаман ниетті екенін түсінеді. Барып бір ағаштың артына тығылады да, біраздан кейін келіп:

– Есіктерді жаптым. Тек бір есік қана қалды. Оны жабуға күшім жетпей жатыр. Қанша тырыссам да жаба алмадым.

– Ол қай есік?

– Ол Аллаһу та'ала бізді бақылайтын есік.

Әкім бұл сөзді естігеннен кейін өкінеді де тәубе етеді. Өзін ғылым мен ғибадатқа арнайды. Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарының бірі болады.

Жиырма секундта істемекшісің бе?

Жунәйд Бағдади хазретке бір күні шайтан келіп:

– Йа, Жунәйд, сен сияқты жоғары мәртебеге көтерілген басқа бір ұлы адамды көрмедім. Жиырма жыл бойы саған ешбір қалағанымды жасата алмадым, бұны қалай істей алдың? - дейді. Хазреті Жунәйд Бағдади шайтанға:

– Доғар малғұн! Енді келіп, мені өз-өзін жақсы көру ауруына ұшыратып құртқың келді ме? Жиырма жылда істей алмағаныңды жиырма секундта істемекшісің бе? Кет алдымнан! – деп, қуып жіберіпті.