Рамазан сұхбаты... Қадір түні
Қадір түні Рамазан айының ішіндегі Құран кәрімде мадақталған ең қадірлі түн болып табылады. Аяти каримада: «Қадір түні мың айдан қайырлы» делінген. Құран кәрім Расулуллаһқа осы түні түсе бастады. Рамазанның соңғы он күндері және түндерінен іздеу керек.
Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Аллаһу та’аланың алдында ең қадірлі түн – Қадір түні». (У. Нәжат).
«Қадір түнінде бір рет «Қадір» сүресін оқу Құран кәрімді хатым етуден де сауапты. Бұл түні қой сауымындай уақыт намаз оқу, ғибадат ету, бір ай барлық түнді ғибадатпен өткізгеннен де артық». (Тәфсири муғни).
«Қадір түнін сеніп және сауабын күтіп, ғибадатпен өткізген адамның Аллаһу та’ала өткен барлық күнәларын кешіреді». (Бұхари, Муслим).
«Ғибадат үшін ең жақсы түн – Қадір түні. Ең қорқынышты түн – қабірде болатын түн. Ең жақсы түнде ең қорқынышты түн үшін дайындық жасаған адамға сүйіншілер болсын».
Пайғамбарымыз Қадір түнінде «Аллаһумма иннәкә афуввун кәримун тухиббул афуа фа’фу анни» дұғасын оқу керектігін білдірген. Мағынасы: «Ей Раббым! Сен әрине кешірімдісің. Кешіруді жақсы көресің, мені де кешір».
Ата-бабаларымыз «Әр келгенді Қыдыр біл, әр түніңді Қадір біл» деген. Рамазанның барлық түнін ғибадатпен өткізсек, Қадір түніне кездескен боламыз.
Бұл түнді ғибадатпен өткізу үшін қаза намаздар оқу керек, Құран кәрім оқу, дұға және тәубе ету керек, садақа беріп, бұлардың сауаптарын өлі-тірі барлық мұсылмандарға бағыштау (арнау) сауап іс болып табылады.
Расулуллаһ алейһиссалам: «Исраил ұрпақтарының пайғамбарларынан 80 жыл үздіксіз ғибадат еткендері болды» дегенінде сахабалар таңырқап қалды. Жәбрейіл алейһиссалам келіп «Йа Расулаллаһ, үмбетің айтылған пайғамбарлардың (басқа жұмыстарының тысында) 80 жыл үздіксіз ғибадат еткендеріне таңырқап жатыр. Аллаһ саған одан да жақсысын берді» деп «Қадір түні мың айдан да қайырлы» деген аятты оқыды. (Рияд-ун-насихин).
Балиғатқа толғаннан кейін 50 жыл өмір сүрген адам 50 рет Қадір түнін өткізеді. Бір түні 80 жылға татитын болса, 50х80=4000 жыл болады. 4 мың жыл ғибадат еткендей сауапқа кенеледі.