Untitled Document

Рамазан сұхбаты... Пітір берудің маңызы

Сұрақ: Пітір берудің маңызы қандай? Кімдердің пітір беруі керек?

Жауап: Қажетті заттарынан және қарыздарынан артық болып, зекет нисабы (96 гр алтын) мөлшерінде мал-мүлкі, ақшасы бар мұсылманның пітір беруі уәжіп болады. Нисапқа жетпесе пітір беруі уәжіп емес, бірақ бергені жақсы болады. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Пітір садақасы байлар үшін тазалану болып табылады. Кедейлер де беретін болса, Аллаһу та’ала оларға көбірек береді». (Әбу Дауд).

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Рамазан оразасы жер мен көктің ортасында тоқтап тұрады. Пітір садақасы берілген кезде көтеріледі». (Әбу Хафс).

«Пітір садақасы ораза тұтқан адамның жаман сөздерінен пайда болған күнәларды тазалайды». (Бәйһақи).

Басқа үш мазһабта бір күндік тамағы бар адамның пітір беруі парыз болып табылады. Хадис шәрифте: «Пітір садақасын кіші-үлкен, бай-кедей, бәрі беру керек» делінген. (Әбу Дауд).

Дін бойынша бай болмаған әр адам пітір және зекет ала алады. Қажетті заттары және қарыздарынан артық болып, зекет нисабы мөлшерінде мал-мүлкі, ақшасы бар болған мұсылманның пітір беруі уәжіп болады. Оның пітір және зекет алуы харам болады. Пітір нисабына қосылатын мүліктің саудаға арналған болуы шарт болмағанындай, қолда бір жыл сақталған болуы да қажет емес. Ауру сияқты қандай-да бір үзір себебімен ораза ұстай алмаған адамның да бай болса, пітір беруі керек.

Сауда үшін болмаған заттардың зекеті берілмейді. Табыстары нисабқа қосылады.

Мүлкі нисапқа жетпейтін әр адам кедей болып саналады, оның зекет алуына болады. Нисапқа жеткен болса, пітір беруі уәжіп болады. Ең аз айлық алатын адам қарыздарын алып тастағаннан кейін нисапқа жетсе, бай болып саналады, пітір беруі керек болады. (Нисап – 96 гр алтын немесе осы құндағы ақша, сауда заттары деген сөз).

Пітір садақасы Рамазан айында беріледі. Рамазаннан бұрын және айттан кейін де беру рұқсат болса да, айт намазынан бұрын берудің сауабы көбірек. Шафииде Рамазаннан бұрын беруге болмайды. Айттан кейінге де қалдыруға болмайды.