Untitled Document

Сұхбат... Мақсатты дұрыс таңдау

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Алға қойылған мақсат дұрыс таңдалса, соған қарай ғибадаттар, жұмыстар, қызметтер өз райына түседі. Негізгі мақсат – Раббымыздың разылығы. Өзгелердің разы болу-болмауы маңызды емес. Адамдардың қадірлейтін, үстем тұтатын нәрсесін қадірлеген адам қадірсіз болады. Аллаһу та’аланың қадірлі еткен нәрселерін үстем тұтқан адам қадірлі болады. Әр адам өз таңдауына қарай мәміле көреді. Ахиретте Аллаһу та’ала үлкен үмітпен келген кейбір құлдарын өкінішке орай жазалайды, оларға былай деп айтады:

«Ей құлым, істеген істеріңді Менің разылығым үшін істедің бе, әлде адамдар сені мақтауы үшін немесе ақша табу үшін істедің бе? Сен адамдар үшін істедің, адамдар сені мақтады, ақша да таптың, мақсатыңа жеттің. Бірақ Мен үшін не істедің? Достарымды Мен үшін жақсы көрдің бе? Дұшпандарыма Мен үшін дұшпандық еттің бе?».

Аллаһтың дұшпандарына дұшпандық ету көңілмен (жүрекпен) болады, әйтпесе олармен ұрыс-керіске түсіп, оларға тіл тигізіп, сөз таластырмау керек. Бірақ Аллаһ дұшпандарына деген құрмет, сүйіспеншілік көңілде орын алмағаны жөн. Нағыз сүйіспеншілік – Аллаһқа деген сүйіспеншілік және Аллаһ үшін болған сүйіспеншілік. Дұшпандық та нәпіс үшін емес, Аллаһ үшін болу керек. 

Пайғамбарымыз (алейһиссалам): «Амалдар ниетке байланысты. Мұсылманның ниеті амалынан да қайырлы. Аллаһу та’ала сендердің жүздеріңе, істеріңе емес, жүректерің мен ниеттеріңе қарайды» деген.

Әр мұсылман үйіне бара жатқанда үйінің, жұмысқа бара жатқанда жұмысының бағытына беталғаны секілді ахиреттегі баратын жерінің бағытына да қазірден беталуы керек. Ол жақта жұмақ пен тозақтан басқа баратын жер жоқ. Соған қарай жол азығын дайындауы қажет.