Untitled Document

Денсаулық... Стресс ағзаға не істейді?

Стресс – бұл жай ғана көңіл-күйдің бұзылуы емес, ол ағзаның тұтас жүйесіне әсер ететін күрделі құбылыс. Адам қауіп немесе қысым сезінген сәтте ми «дабыл» береді. Осы кезде гипоталамус іске қосылып, бүйрек үсті бездеріне сигнал жібереді. Нәтижесінде адреналин мен кортизол гормондары бөлінеді. Бұл ағзаның «қаш немесе күрес» режиміне өтуі.

Қысқа мерзімді стресс кейде пайдалы, ол зейінді арттырып, реакцияны жылдамдатады. Бірақ ұзаққа созылған стресс қауіпті. Физиологиялық тұрғыдан қарасақ, жүрек соғысы жиілейді, қан қысымы көтеріледі, бұлшықеттер үнемі кернеуде болады. Ас қорыту жүйесі баяулап, иммунитет әлсірейді. Соның салдарынан адам жиі ауыра бастайды.

Психология жағынан стресс адамның ойлау қабілетіне әсер етеді. Ми үнемі қауіп іздеп тұратын күйге өтеді, бұл мазасыздық пен үрейді күшейтеді. Адам болмашы нәрсеге ашуланып, сабырсыз бола бастайды. Уақыт өте келе бұл күй күйзеліс пен депрессияға әкелуі мүмкін.

Анатомиялық деңгейде де өзгерістер болады, жүйке жүйесі шамадан тыс жүктеліп, нейрондар арасындағы байланыс әлсірейді. Бұл есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, шешім қабылдаудың қиындауына әкеледі.

Ал қоршаған орта факторлары – шу, ақпараттың көптігі, әлеуметтік қысым – стрессті күшейтетін негізгі себептердің бірі. Қазіргі заманда адам үнемі салыстыру, жетістікке жету қысымында өмір сүреді.

Ең маңыздысы – стресс жау емес, ол сигнал. Егер оны дер кезінде түсініп, басқаруды үйренсең, ол сені әлсіретпейді, керісінше шынықтырады. Ал елемесең – ағзаны іштен жайлап, баяу күйретеді.