Рамазан сұхбаты... Ораза – тек ауыз бекіту емес
Аллаһу та'ала иман еткендерге жылына бір рет рамазан айында ораза ұстауды әмір еткен. Хақ та’ала бұл әмірді себепсіз бермеген. Ораза адамдарға әрі материалды, әрі рухани пайда беруде. Бір жыл бойы түрлі тағамдарды қорыту үшін шаршаған адамның асқазаны және ішектері жылына бір рет демалып, өзінің саулығын сақтаған болады. Бұл – физикалық жағынан беретін пайдасы.
Рухани пайдасы болса – ораза ұстаған адам, аш қалған адамның тартқан азабын өз басымен сезіп, кедейлерге көмек беру керек екенін сезінеді. Бұл адамдардың бір-біріне көмектесулеріне себеп болады. Бір-біріне көмектесетін адамдардың қоғамында қақтығыстар болмайды.
Сонымен қатар Аллаһу та'аланың әмірін орындау үшін күндіз бір ай ораза ұстаған мұсылман Аллаһу та'аланың басқа да әмірлерін орындауды әдетіне айналдырады және басқа әмірлерін орындау қабілеті пайда болады.
Ораза ұстаған адамның тек асқазанын демалдыруды, диета ұстауды көздеуі оразаның сахих және қабыл болмауына себеп болады. Өйткені ораза тек сусыз және аш қалудан, белгілі формадағы және керексіз амалдардан ғана құралған емес.
Ораза жылына бір ай, яғни Рамазан айында тек күндізгі уақыттары оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болу деген сөз. Оразаның дүниедегі пайдаларының бірі адамдарға аштық пен шөлдің не екенін үйрету. Қарны тоқ адам ешқашан аш адамның жағдайын түсіне алмайды және оған мейрімділік танытпайды. Сонымен қатар ораза нәпіске ие болуды да үйретеді. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Кімде-кім рамазан айында ораза ұстауды парыз деп біліп, міндет деп біліп және оразаның сауабын Аллаһу та'аладан күтсе, өткен күнәлары кешіріледі» - деген.