Сұхбат... Пайғамбарлар қандай кәсіп меңгерген (3)
14. Сүлеймен (алейһиссалам) патша еді. Соған қарамастан себет тоқумен айналысқан. Сондай-ақ ең алғашқы болып мысты өңдеген.
15. Иса алейһиссаламға Хақ та’ала әр түрлі ауруларды емдейтін мұғжиза берді. Соның арқасында хазреті Иса емшілікті жоғарғы деңгейде меңгерді. Аллаһтың қалауымен соқырдың көзін ашып, өлген адамдарды тірілтетін еді. Ол жайында Хақ та’ала Құранда: «Исраил ұрпақтарына елші қылады. (Иса оларға былай дейді): «Ақиқатында мен сендерге Раббыларыңнан бір белгі әкелдім. Расында, мен сендерге саз балшықтан құстың бейнесін жасап, оған үрлегенімде, ол Аллаһтың қалауымен құсқа айналады. Және де Аллаһтың қалауымен соқырды, мерезді айықтырып, өліні де тірілтемін. Һәм сендерге жейтін нәрселерің туралы, үйлеріңде жинаған нәрселерің туралы айтып беремін. Негізінде, осында сендер үшін сөзсіз бір белгі бар, егер мүмин болсаңдар», – деді.
16. Пайғамбарымыз (сәллаллаһу алейхи уәсәлләм) жас кезінде басқа пайғамбарлар сияқты қой баққан. Әбу Хурайрадан (радиаллаһу анһ) жеткен хадисте: «Аллаһ қой бақпаған бірде-бір пайғамбарды жіберген емес», – деді. Сахабалар: «Сізді де ме?» – деп сұрағанда, Аллаһ елшісі: «Иә, мен де азын-аулақ ақыға меккеліктердің қойын бағатынмын», – деген. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (сәллаллаһу алейхи уәсәлләм) саудамен айналысты. Хадиша анамыздың (радиаллаһу анһа) сауда керуенін басқарып, Шамға барып, мол табыспен оралған.
М.Құрмашұлы