Сұхбат... Пайғамбарлар қандай кәсіп меңгерген (2)
7. Исмаил мен Юнус (алейһумуссалам) пайғамбарлар аңшылықпен, балық аулаумен айналысты. Ұстаған аңын, аулаған балығын базарға апарып саудалайтын. Исмаил (алейһиссалам) бірнеше тіл білген. Сол себепті оны «аудармашылардың атасы» деп атайтын.
8. Шуаиб, Мұса, Исхақ және Яқуб (алейһумуссалам) пайғамбарлар қой бақты. Хазреті Мұса перғауынның сарайынан кеткеннен кейін шопан болды. Ол жайында Аллаһу та’ала Құранда: «(Мұса): «Бұл – аса таяғым. Мен оған сүйенемін, қойларыма (ағаштан) жапырақ қағамын. Әрі онда басқа да қажеттіліктерім бар», – деді. Сондай-ақ, Мұса (алейһиссалам) жазумен де айналысты. Тәуратты өзі кітапқа түсіріп, жазып шыққан еді.
9. Юсуф (алейһиссалам) дәнді дақылдарды сақтайтын қойманың басшысы болған. Яғни дәнді-дақылдарды қалай сақтайтынын меңгерген. Ол жайында Хақ та’ала Құранда: «(Юсуф): «Мені жердің (Мысыр елінің) қазыналарына басшы қыл. Өйткені мен білгір сақтаушымын», – деді.
10. Әйюб (алейһиссалам) пайғамбар егіншілікпен айналысқан. Адамдардың арасында жомарттығымен танылған. Әр күні үйіне кедейлерді шақырып, тамақтандыратын еді.
11. Зүлкифл (алейһиссалам) пайғамбар нан пісіретін. Яғни наубайшы болған.
12. Илияс (алейһиссалам) пайғамбар тігіншілікпен және мата тоқумен айналысқан.
13. Дауд (алейһиссалам) пайғамбар темір ұстасы еді. Ол соғысқа арналған ең алғашқы сауыттарды Жалутқа қарсы ұрыста пайдаланған. Осылайша Жалуттың әскерін талқандап, жеңіске жеткен. Аллаһу та’ала хазреті Даудқа темірді жұмсартып берген. Ол жайында Аллаһу та’ала Құран кәрімде: «Біз бұрын Даудқа өз тарапымыздан артықшылық (пайғамбарлық, патшалық, Зәбур) берген едік. «Ей, таулар мен құстар! Онымен бірге (Аллаһты) дәріптеңдер!» – дедік. Әрі Біз оған (Даудқа) темірді де жұмсарттық», – делінген. Пайғамбарымыз (сәллаллаһу алейхи уәсәлләм) Дауд алейһиссаламның еңбекқорлығын өзгелерге өнеге етіп: «Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Аллаһтың пайғамбары Дауд та өз қол еңбегінің жемісін жеген», – деген.
жалғасы ертең...