Untitled Document

Денсаулық... Ұйқының сапасыздығы және смартфондардың әсері

Біздің заманымызда ұйқының сапасы көптеген адам үшін маңызды мәселеге айналды. Күнделікті стрес, жұмыс/оқу жүктемесі, әлеуметтік байланыстар, барлығы түнгі тынығуға кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ ең кең тараған факторлардың бірі – смартфондар мен экран алдында кешкі уақыт өткізу. Бұл әдет біздің ұйқы циклымызға, ми жұмысына және жалпы денсаулыққа әсер етеді.

Смартфондардан шығатын көк жарық біздің миымызға «күндізгі уақыт» сигналын береді. Бұл жарық мелатонин – ұйқыны шақыратын гормонның бөлінуін бәсеңдетеді. Нәтижесінде адам ұйықтауға кеш дайындалады, ұйықтау уақыты кейінге шегінеді, ал ұйқы сапасы төмендейді.

Зерттеулер көрсеткендей, смартфондарды кешкі уақытта қолдану ұйқыға кетуге кедергі келтіреді және түн ортасында ояну ықтималдығын арттырады. Бұл әсіресе жастар мен студенттер арасында жиі кездеседі. Сонымен қатар, артық уақыт экран алдында отыру тек ұйқыны бұзумен шектелмейді, бұл әдет стресс, көңіл-күйдің өзгеруі және тіпті созылмалы шаршаулыққа әкелуі мүмкін.

Кейбір зерттеулер смартфондардың ұйқыға әсерін әр түрлі жастағы адамдарда талдаған. Мысалы, жасөспірімдер мен жастар кешкі уақытта телефонды қолданған сайын ұйқының ұзақтығы мен сапасы нашарлайды. Ал басқа зерттеулер смартфон қолданудың әсері тұлғаның мінезіне және күнделікті әдеттеріне байланысты өзгеретінін айтады, кейбір адамдар аздап қолданса да ұйқысы бұзылмайды, ал басқаларында тіпті қысқа экран уақыты да әсер етуі мүмкін.

Ұйқының сапасыз болуы тек шаршау мен көңіл-күйдің төмендеуіне ғана емес, ұзақ мерзімде иммунитеттің әлсіреуіне, метаболизмнің бұзылуына және жүрек-қан тамырлары жүйесіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан кешкі уақытта смартфон қолдануды шектеу, экран жарығын азайту немесе телефонды жатын бөлмеден шығару ұйқыны жақсартудың маңызды қадамдары.