Сұхбат... Пайғамбарымыздың истиғфары
Пайғамбарымыз алейһиссалам жаратылғандардың ең үстемі болумен қатар Аллаһу та’аланы ең жақсы таныған және Одан ең қатты қорқатын. Хақ та’ала Оны күнә істеуден сақтаса да Ол әрдайым үздіксіз ғибадат етіп, Аллаһу та’алаға дұға етіп, истиғфар айтатын. Түннің алғашқы уақытында (құптаннан кейін) ұйықтап, соңғы уақытында ғибадат жасайтын.
Ибн Аббас (радиаллаһу анһ) айтады: «Бір түні мүминдердің анасы хазреті Мәймунәнің (радиаллаһу анһа) үйінде қонақта болдым. Расулуллаһ түннің ортасына дейін немесе біраз бұрын немесе кейінгі уақытқа дейін ұйықтады. Сосын оянып отырды, қолымен бетін сипап ұйқысын ашты. Тұрып, ілініп тұрған құманды алып, дәрет алды. «Али Имран» сүресінің соңғы он аятын оқып, намазға тұрды. Мен де тұрып, Расулуллаһ сияқты дәрет алып, Оның қасына барып намазға тұрдым. Расулуллаһ екі рәкат намаз оқыды. Сосын тағы екі рәкат оқыды. Содан кейін тағы екі рәкат оқыды. Сосын үтір намазына тұрды. Содан кейін, бамдат намазының азаны шақырылғанға дейін жатты. Сосын тұрып, тағы екі рәкат намаз оқыды да мешітке барып, бамдат намазының парызын оқыды».
Ибн Омар (радиаллаһу анһ) айтады: «Расулуллаһпен бірге жиналып отырғанымызда «Йа Раббым! Мені кешір және тәубемді қабыл ет. Сен тәубелерді қабыл етушісің және рақымдысың» деп жүз рет айтқанын санап отыратынбыз»
Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһ) «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үнемі «Аллаһуммә йа муқаллиб-әл-қулуб, сәббит қалби ала диник» деп айтып жүретін» дейді.
Тирмизидің Әбу Саид-ил Худриден (радиаллаһу анһ) жеткізген хадис шәрифінде пайғамбарымыз алейһиссалам былай деген: «Төсекке жатқан кезінде үш рет «Әстағфируллаһ-әл азыим әлләзи лә илаһә иллә һуәл-хаййул-қаййум уә әтубу иләйһ» деп айтқан адамның күнәлары теңіздің көбігіндей немесе Тәмим аймағының құмындай немесе ағаш жапырақтарының санындай немесе дүниенің күндеріндей көп болса да Аллаһу та’ала оның күнәларын кешіреді».