Күннің тарихы... Әлішер Науаи
Әлішер Науаи (Низамеддин Мір Әлішер) (1441-1501) — түркі халқының ұлы ақыны, ойшылы, мемлекет қайраткері.
Әкесі қайтыс болғаннан кейін 12 жасар Науаиды Әбілқасым Бабыр өз тәрбиесіне алған. Науаи 15 жасында түркі және парсы тілдерінде бірдей жазатын белгілі ақын ретінде танылды. Гератта, Мешхедте, Самарқанда оқып, логика, математика пәндерінен мағлұмат алды.
Өзінің мектептес досы Хұсайын Байқара Хорасанның әмірі болған кезде 1469 ж. оның мөр сақтаушысы (мұхрад) қызметін атқарды. 1472 ж. уәзір болып тағайындалды және әмір құрметті атағы берілді. Әлішер Науаи осы қызметте жүріп ғалымдарға, ақындарға, хуснихатшыларға (каллиграфтарға), ғылым, өнер, әдебиет істеріне қамқорлық жасады. Өз қаржысына жолдар, көпірлер, каналдар, керуен сарайлар, медреселер, шеберханалар салдырды.
Ол өнер ісімен айналысып, «Хамса» тобына енетін «Жақсылардың таңдануы», «Фархад пен Шырын», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Жеті әлем», «Ескендір дуалы» атты шығармаларын жазды. Науаидің «хамсасының» Низами, Дехлеуи, Жәми «хамсаларынан» ерекшелігі – араб-парсы тілінде емес, түркі-шағатай тілінде жазылуы, халықтың ой-арманына, мақсат мұратына жақындығы. 1488-1501 ж. арасында көптеген ғылыми және көркем шығармалар жазды. Олардың ішінен «Саид Хасан Ардашердің өмірі», «Көңілдердің сүйгені», «Пайғамбарлар тарихы», «Мұсылмандық нұры», «Гауһарлар шоғыры», «Қарттардың өсиеті», «Диуани фани», «Ғажайып мәжілістер» туындыларын атауға болады. Шығармаларының тақырыбы жан-жақты. Халқының тұрмыс тіршілігі, әлеуметтік, тарихи, саяси жағдайлар, сонымен қатар жақсы мінез құлық, тасаууф, иман, әділеттік, дұрыстық, әдептілік, батырлық, білімділік сияқты тақырыптарды ашып жазған. Науаи шығармалары ХV ғ. өзінде Мауараннахр мен Хорасанды ғана емес, Иран, Әзірбайжан, Шығыс Түркістан, Үндістан, Мысыр, түркі елдеріне, кейіннен Еуропа мен Америка кітапханаларына да тарады.