Күннің тарихы... 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні
Тарих бетінде алтын әріппен жазылған ерекше күндердің бірі – 16 желтоқсан. Бұл күн – қазақ халқы үшін еркіндіктің, егемендіктің, азаттықтың символы. 1991 жылдың дәл осы күні Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік туралы» Конституциялық заң қабылдап, еліміз өз алдына дербес мемлекет ретінде тарих сахнасына шықты.
Тәуелсіздікке апарған жол
Қазақ халқы ғасырлар бойы азаттықты аңсады. Сан ғасырлық бодандық, ашаршылық, қуғын-сүргін мен зұлмат жылдар – мұның бәрі ұлт санасына еркіндіктің қадірін тереңінен сіңірді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – сол бостандыққа деген ұмтылыстың жарқын көрінісі. Жастардың алаңға шыққан батыл қадамы – тәуелсіздікке апарар жолдағы шешуші кезеңдердің бірі болды.
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз
Бүгінде Қазақстан – халықаралық аренада өзіндік орны бар, экономикасы мен мәдениеті дамып келе жатқан тәуелсіз мемлекет. Еліміз түрлі этнос өкілдерінің татулығын сақтап, бейбіт өмір сүріп келе жатқан бірегей елге айналды.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда мемлекеттік шекара бекітілді, ұлттық валюта – теңге енгізілді, Ата Заңымыз қабылданды, елорда жаңарып, әлемге танылды. Бұл – ел бірлігінің, халықтың ерен еңбегінің нәтижесі.
Тәуелсіздік – аманат
Тәуелсіздік – бізге ата-бабаларымыздың қанымен, жанымен келген қасиетті ұғым. Енді сол аманатты көздің қарашығындай сақтау – әрбір қазақстандықтың парызы. Өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, елжандылық, бірлік пен берекені бағалау сезімін қалыптастыру – тәуелсіздікті нығайтудың басты кепілі.
16 желтоқсан – бұл жай ғана күн емес. Бұл – азаттықты аңсаған бабалардың арманын ақиқатқа айналдырған күн. Осы қасиетті мерекеде әрбір азамат еліміздің тыныштығы мен жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуі керек. Себебі тәуелсіз елдің ертеңі – бізбен тікелей байланысты.