Сұхбат... Харамнан құтылудың ең қысқа жолы
Сұрақ: Харамнан құтылудың ең қысқа жолы не?
Жауап: Әрбір мұсылманның дініміздің әмірлеріне мойынсұнып, тыйым салған нәрселерінен сақтануы керек. Харамдардың барлығынан сақтану өте қиын. Бірақ Имам Раббани хазрет көрсеткен жолымен діннің әмірлері мен тыйымдарына мойынсұну жеңіл болады. Ол – салихтармен (жақсылармен), садықтармен (сөзде, амалда және ниетінде дұрыс болғандармен) бірге болу. «Тәубе» сүресінің 119-шы аятында:
«Аллаһтан қорқып, садықтармен бірге болыңдар!» деп бұйырылған.
Хадис шәрифтерде де былай делінген:
«Ғалымның жүзіне қарау – ғибадат». (Әбу Дауд).
«Ғалымның қасында болу – ғибадат». (Дәйләми).
«Харамдардан тыйылатын кісімен бірге отыру – ғибадат». (Дәйләми).
Жақсылармен бірге болған адам жақсы, ал жамандармен бірге болған адам жаман болады.
Зәру (мәжбүр) жағдай болмайынша кәпірлермен, бидғатшылармен бірге отыру жақсы емес. Аллаһ адамдарымен, әулие құлдарымен, салих ғалымдармен әрдайым бірге болуға тырысу керек. Өйткені хадис шәрифте былай делінеді:
«Олармен бірге болған адам шақи (тозақтық) болмайды». (Бұхари).
Алайда салих ғалым және әулиені таба алмаған адам не істейді?
Бұл жөнінде де былай делінген: «Оларды таба алмаған адам кітаптарын оқыса, олар да шақи (тозақтық) болмайды». Олай болса, әһли сүннет ғалымдарының кітаптарын үлкен ниғмет деп біліп, оқуға тырысу керек. Хадис шәрифтерде:
«Аллаһу та’ала: «Менің әулие құлым мыналар: Мен еске алынған кезде олар еске түседі. Ал олар еске алынған кезде Мен еске түсемін» деп хабарлаған». (Әбу Нуайм).
«Әулие кісіні көргенде Аллаһу та’ала еске түседі». (Ибн Мажә).