Untitled Document

Сұхбат... Аллаһтан қорқу

Аллаһу та’аладан қорқудың белгісі жеті нәрседен анықталады.

1) Тіл. Өтірік айтпайды, ғайбат етпейді, пайдасыз сөздерді сөйлемейді.

2) Көңіл (жүрек). Кек алу, көре алмаушылық деген жаман мінездерден арылады.

3) Көз. Харамға қарамайды, дүниедегі барлық нәрсеге ғибратпен қарайды.

4) Асқазан. Харам азықтардан аулақ жүреді.

5) Қол. Харам нәрселерді ұстамайды.

6) Аяқ. Күнә жасалатын жерлерге бармайды.

7) Ғибадат. Ықыласпен, яғни Аллаһ разылығы үшін жасалады. Риядан, адамдарға көрсету ниетінен ұзақ тұрады.

Аллаһтан қорыққан адам оның әмірлері мен тыйымдарына мойынсұнады. Ешкімге жамандық жасамайды. Өзіне жасалған жамандыққа сабыр етеді. Істеген қателеріне тәубе етеді.  Жұмыс істеген кезде, саудаласқан кезде ешкімнің ақысын жемейді, ілім және ахлақ иелеріне құрмет көрсетеді. Достарын жақсы көреді және өзін де жақсы көргізе алады. Ешкімді сыртынан жамандамайды және ешкімге дөрекі сөйлемейді. Мал-мүлік және мансабты басқаларға жақсылық жасау үшін сұрайды. Өз-өзін ұнатпайды. Аллаһу та’аланың әрқашан көріп тұрғанын және біліп тұрғанын ойлап, еш жамандық жасамайды. Қысқасы Аллаһтан қорыққан адам халқына және еліне пайдалы болады.