Сұхбат... Күнәдан сақтану сауап жинаудан бұрын келеді
Бір харамнан сақтану – миллиондаған нәпіл намаз оқудан абзал. Харам істеу арқылы парыз амалды, мәкрух істеу арқылы сүннет амалды орындауға болмайды. Күнәдан сақтану ғибадат жасаудан бұрын келеді. (У. Бәсаир).
Дінімізде күнәдан сақтану сауап жинаудан бұрын келеді. Хадис шәрифте былай делінген: «Аздаған харамнан сақтану 80 мың нәпіл қажылықтан абзал». (Дәйләми). Тағы бір хадис шәрифте: «Өте кішкентай бір күнәдан сақтану бүкіл жындар мен адамдардың ғибадаттарының қосындысынан артық» делінген. Барлық күнәлар Аллаһу та’алаға қарсы шығушылық болғандықтан бәрі де үлкен. Бірақ кейбірлері кейбірлеріне қарағанда кіші болып көрінеді. Бір кішкентай күнәны жасамау бүкіл жаһанның нәпіл ғибадаттарынан сауаптырақ, өйткені нәпіл ғибадат істеу парыз емес. Ал күнәлардан сақтану – парыз. (Риядун насихин).
Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Харамнан сақтанатын адаммен бірге отыру ғибадат». (Дәйләми).
«Ахиретте халал табыстың есебі, ал харам табыстың азабы бар». (И.Асакир).
«Дұғаларыңның қабыл болуы үшін халал азық жеңдер! Көптеген адамдардың жегені мен кигені харам. Кейін қолдарын жайып дұға етеді. Мұндай дұға қалай қабыл болады?» (Шира).
Харам істеу арқылы парыз орындалмайды. Парыз бен харам бір араға келген кезде, яғни парызды істейтін кезде харам істеу мәжбүрлігі бар болса, харам істемеу үшін парыз жағдайға қарай тәрк етіледі немесе кейінге қалдырылады.
Мұхаммед Масум Фаруқи хазрет: «Екі қарама-қайшы нәрсенің бірінен алыстамайынша екіншісіне жақындау мүмкін емес. Яғни Аллаһу та’аланың дұшпандарынан ұзақтамайынша, достарына жақындық болмайды. Парыздарды әркім жасай алады, бірақ харамдардан әркім сақтана алмайды. Тек салих адамдар ғана сақтанады. Жақсы адам да, жаман адам да жақсылық жасай алады. Ал жамандық жасамау болса тек Аллаһ адамдарының ерекшелігі. Сыддықтар күнә істемейді» деген.