Сұхбат... Жындар туралы (2)
Жын ауа және оттан жаралғандықтан өте нәзік (жеңіл, көзге көрінбейтін) болады, жылдам қимылдайды, жеңіл бір соққы жасалса өліп қалады. Өмірлері өте қысқа, дін ілімдері аз және тәкаппар болады. Ылғи да бір-бірін төмпештеп, соғысып жүреді. Жынның өлімі жер бетінен жоқ болып кетуімен іске асады. Қартайғандары жасарып, балалық шағына оралады да өліп жер бетінен жоқ болады.
Кәпір жындар сиқыршы, палшы және дуалаушылармен дос болып алады. Олардың көрсеткен адамдарына сиқыр, дуа жасайды. «Хадиқа» кітабындағы хадис шәрифте: «Сиқыр-дуа жасаған, жасатқан және оларға сенген адам бізден емес» делінген. Жынмен айналысатындар, палшылар және жұлдызнамамен жорамал жасап, сұралған нәрселерге жауап беретіндердің барлығы сиқыршы, дуалаушы тобына кіреді. Ондай адамдарға барып айтқандарына, істегендеріне сену, кейде дұрыс шықса да Аллаһтан өзгенің барлық нәрсені білетініне және қалағанын істей алатынына сену күпір болады.
Өткен нәрселерді жыннан сұрау рұқсат, болашақтағы нәрселерді сұрау рұқсат емес. Өйткені болашақты және ғайыпты тек Аллаһу та’ала біледі. Кәпір жындар өтірікші болғандықтан, болған нәрсені көрмесе де көрдім деп айтуы мүмкін. Жынмен айналысатын, палшыларға дуалаушыға барып адамды жыннан құтқаратынына сеніп, оған ақы төлеу рұқсат емес. (Емші, тәуіп, көріпкел деген атпен халық арасында жүрген палшылардың «атамның аруағы хабар береді» деп айтып жатқан нәрселерінің барлығы жындардың хабарлары).
Жыннан құтылу үшін ең әсерлі қару – Кәлима-и Тәмжид «Ла хаулә уә ла қууата илла биллаһил алийил азим» және истиғфар дұғасы. Бұл дұғаларды оқығандардан жындар қашады және сиқыр шешіледі. Аятул күрси, Ихлас, Фалақ, Нас және Фатиха сүрелерін жиі-жиі оқу да адамды жыннан қорғайды.