Аңыз... Апама жездем сай
Баяғыда Бағдад қаласында өте шешен, ақылды және өте білімді Шенн есімді кісі өмір сүріпті. Бұл кісі бір күні өзі секілді білімді және ақылды бір қызды тауып, үйлену ниетімен атына мініп, жолға шығады. Жолда ауылына кетіп бара жатқан бір кісіге кезігеді. Екеуі қосылып жолын әрі қарай жалғайды. Кетіп бара жатып Шенн одан: «Мен сені мінгестірейін бе, әлде сен мені мінгестіресің бе?» дейді. Әлгі кісі: «Бұл не дегенің? Екеуіміз де аттамыз, бір-бірімізді қалай мінгестіреміз» деп жауап береді. Біраз жүріп ауылға жақындап қалғанда, жолдың бойындағы орылған егінді көріп: «Мына егіндер желінген бе, желінбеген бе?» деп сұрайды. Жолаушы «Қандай адамсың өзі! Егіннің тек сабақтары ғана қалғанын көріп тұрсың ғой, неге сұрап жатырсың?» дейді. Кейін ауылға жеткенде біреудің жаназасы болып жатқанын көреді. Шенн: «Мына табыттың ішіндегі адам өлі ме, әлде тірі ме?» деп сұрайды. Әлгі кісі ашуланып: «Сен сияқты ақымақ адамды көрмеппін!» дейді. Сол күні Шеннді үйіне қонаққа шақырады. Оның Табака есімді бір қызы бар еді. Қызы әкесінен қонақтың кім екенін сұрайды. Әкесі Шеннің қойған сұрақтарын айтып, өте ақымақ адам екенін айтады. Бірақ қызы: «Әке, ол кісі ақымақ емес. Бірінші сұрағының мағынасы «Сөзді мен бастайын ба, әлде сен бастайсың ба?» дегені еді. Екінші сұрағының мағынасы: «Иелері егіннің жемісін көрді ме екен?» дегені. Ал үшіншісі: «Бұл табыттағы адам артынан салих ұрпақ қалдырды ма екен?» дегені еді», дейді. Кейін әкесі Шеннің қасына барып, сұрақтарының жауаптарын айтады. Ал Шенн: «Бұл айтқандарың, сенің сөздерің емес, бұларды кім айтты саған?» деген кезде өзінің қызы екенін айтады. Шенн: «Мен дәл осындай қыз іздеп жүрген едім» деп сол қызбен үйленуге тілек білдіреді. Ата-анасының разылығын алып, ақылына көркі сай Табакамен үйленіп, бақытты ғұмыр кешіпті. Бұдан кейін халық арасында «уафака шенн табака» деген мақал пайда болыпты. Мағынасы «ыдыс қақпағына сай келді» дегенді білдіреді. Өйткені шенн ыдыс, табака қақпақ дегенді білдіреді екен. Бұл сөз біздің тілде «апама жездем сай қосылды» дегенге келеді.