Untitled Document

Ғибратты оқиға... Ең үлкен ұры

 Адам табиғаты жақсылыққа, сый-сияпатқа қатты әсерленгіш келеді. Барлық адам кімнен жақсылық көрсе, соны жақсы көре бастайды.

Бір әулие кісінің үйіне ұры түседі. Ары іздейді, бері іздейді, бірақ ұрлайтын ештеңе таппайды. Ұры ештеңе таппағандықтан, қайғырып, не істерін білмей қарап тұрғанда әулие кісі ұрының артынан келіп «Асықпа» деген екен. Ұры шошып кетеді. Әулие:

– Таңертең көршілер маған май, бал сияқты азық-түлік әкеледі, соны бірге жейміз. Одан кейін ақша, алтын әкеледі, олардың бәрін саған беремін... Бірақ бір шартым бар, таңға дейін менің айтқанымды істейсің», - дейді.

– Не істеуім керек?

– Дәрет ал, таңға дейін бірге намаз оқимыз.

– Мен намаз оқи алмаймын, ешқашан оқып көрмегенмін.

– Ештеңе етпейді, сен менің істегендерімді қайталайсың.

Осылайша таң атады. Таңертең көршілер таңғы асқа түрлі тағамдар әкеледі. Әулие кісі «Сөз бердім ғой, кел, бірге тамақтанайық» дейді де, екеуі бірге тамақтанады. Ұрының қарны тояды. Біраздан соң бір атты кісі келеді, атынан түспей алыстан «Атааа» деп шақырып, бір дорба алтынды лақтырады, «Мынау сізге» деп кетіп қалады. Ішінен тура 250 дана алтын шығады. Әулие кісі «Мә, ала ғой, бұл сенікі, саған сөз бердім ғой, ала бер» дейді. Ұры таң қалып, ойланып тұрып, былай дейді: «Ата, мен ұрымын, бірақ сіз менен асқан ұры екенсіз. Тіпті әлемде сізден асатын ұры жоқ-ау. Сіз менің жүрегімді ұрладыңыз. Енді мен бұл жерден ешқайда кетпеймін. Сізге бұл жерде қызмет етемін» деген екен.