Untitled Document

Сұхбат... Расулуллаһтың уәда хұтбасы (соңғы өсиеттері).

Пайғамбарымыз 120 мың сахабаның алдында 632 жылы 23 ақпан күні соңғы қажылығындағы қоштасу хұтбасында былай деді:

Ей, адамдар! Өсиетімді жақсылап тыңдаңдар! Осы жердегі адамдар бұл жерде жоқ адамдарға жеткізсін. Өйткені бұл менің соңғы насихатым.

Ей, адамдар! Дініміз көрсеткен харамдар  мен адал нәрселерге бағыныңдар!

Ей, адамдар! Бірліктен, туралықтан, тура бағыттан айнымаңдар!

Ей, адамдар! Әйелдердің құқығын таптамаңдар. Оларға зұлымдық пен қастандық жасамаңдар!

Ей, адамдар! Менің әһли бәйтімді жақсы көріңдер!

Ей, адамдар! Өздеріңді, бала-шағаларыңды тозақ отынан қорғаңдар! Оларға Аллаһтың және елшісінің жолын үйретіңдер!

Ей, адамдар! Үлкендерге, басшыларыңа бағыныңдар! Басшысына бағынған адам маған бағынған, маған бағынған адам Аллаһқа бағынған болып саналады.

Ей, адамдар! Бес уақыт намаздарыңды оқыңдар! Дәретті ұқыпты түрде алыңдар! Намаздың руку мен сәждесін толық орындаңдар! Шын жүрекпен оқыңдар!

Ей, адамдар! Күмәнсіз, Аллаһ жағдайы бар мұсылмандарға қажылыққа баруды парыз етті.

Ей, адамдар! Малдарың мен байлықтарыңның зекетін беріңдер.

Ей, адамдар! Тілдеріңді қорғаңдар. Аллаһ үшін көздеріңнен жас ақсын. Жүректеріңді Аллаһтың құзырына лайықты жағдайға келтіріңдер. Денелеріңді біраз қинаңдар.

Ей, адамдар! Құран кәрімді жаттап, оның үкімімен әрекет жасайтындарды жақсы көріңдер.

Ей, адамдар! Дұшпандарыңмен соғысыңдар. Мешіттеріңді, ғибадат орындарыңды жөндеңдер. Имандарыңды пәк етіңдер.

Ей, адамдар! Мұсылман бауырларыңа насихат айтыңдар, оларға тура жолды көрсетіңдер.