Untitled Document

Сұхбат... Парақорлық – әлеуметтік індет

Парақорлық – жеке басының пайдасын алу, бір мәселесін тындыру мақсатымен үкіметтік қызметтегі адамға заңға қайшы түрде берілетін ақша, мүлік секілді бір пайда деген сөз. Осы жолмен әділетсіз пайдаға қол жеткізіледі немесе біреудің хақысы желінген болады. Тартып алынған затты және зұлымдықпен, ұрлықпен алынған әрі пара, өсім, құмар ақылары және басқа да қиянат жолдардың бірімен алынған табысты жеуге және басқаларға да жегізуге дініміз тыйым салған. Аллаһу та'ала:

«Бір-бірлеріңнің мал-мүліктеріңді өзара (құмар, ұрлық, тартып алу, пара беру секілді) жаман себептермен жемеңдер!» деген.

Сотта пара беру арқылы әділетсіз үкім шығаруына себеп болатындарға пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм):

«Үкім шығарғанда пара бергенге және алғанға Аллаһ лағнет етсін!» деген.

Парақорлық – мемлекетке қарсы жасалатын қылмыстардың бірі. Бұл адамды қарабет қылатын әрекет. Үкімет қызметкерінің мемлекет берген билікті жаман жолда пайдалануға жатады.

Парақорлық – әлеуметтік індет. Қоғамда парақорлықтың тарауы мемлекетті әлсіретеді және азаматтардың үкіметке деген сенімін түсіреді. Ал бұл жағдай мемлекеттің беделінің түсуіне, басқаруда немқұрайлықтың өршуіне, анархияның дамуына әкеп соғады.

Парақорлық себебімен зұлымдықтың, әділетсіздіктің көбеюі, осылайша адамдар арасындағы өзара сыйластық пен құрметтің жоғалуы да мемлекеттегі бірлік пен ынтымақтың жойылуына, ақыр соңында құлауына жол ашатын себептердің бірі.

Парақорлық – елді рухани және материалдық тұрғыда құлдырататын індет екені ақиқат. Уәкілеттілерге көмектесу – әр адамның міндеті.