Отбасы... Ананың қызына айтқан ақылы
Қызым, саған қырық жылдық отбасылық өмірімдегі тәжірибелеріме сүйене отырып, осы насихаттарымды айтпақшымын. Егер айтқан сөздеріме құлақ салып, үнемі жадыңда сақтасаң дүниеде тыныш, бақытты өмір сүретініңдей ахиретте де мәңгілік бақытқа қол жеткізесің:
1) Қанағатшыл бол! Яғни жолдасың үйге алып келген азық-түлік, киім-кешек барлық нәрсені шын жүрекпен қабыл ал! Оған рахмет айтып, алғысыңды білдір! Өйткені, қанағат – көңілді тыныштыққа, бақытқа қауыштырады.
2) Күйеуіңнің сөздерін мұқият тыңда және оның күнә болмаған әмірлеріне мойынсұн!
3) Үйің, айналаң, барлық нәрсең әрдайым таза, жинақы болсын!
4) Күйеуіңнің ұйықтайтын, тамақтанатын кездерін жақсы біл. Ол бұларды қай уақыттарда жасайтын болса, сен сол уақыттарда тамағын әзірлеп, төсегін салып қой. Өйткені, аштық пен ұйқысыздық адамды ашуландырады.
5) Күйеуіңнің дүниесін көзіңнің қарашығындай сақта, ысырапшылдыққа жол берме. Істеген істеріңді, жақсылықтарыңды міндетсінбе!
6) Күйеуіңнің туған-туыстарына, жақындарына құрмет көрсет! Күйеуіңнің қателіктерін жалғыз кезінде өзіне жұмсақ тілмен айт!
7) Күйеуіңнің сырларын ешкімге тіс жарып айтпа! Себебі, ерлі-зайыптылардың арасындағы сыр өздерімен бірге қабірге кетуі керек.
8) Күйеуіңнің қайғысы мен қуанышына ортақ бол! Оған барлық жағынан да өмірлік жақсы жар бол! Өтірік – отбасын іштен шірітетін құрт секілді.
9) Өз араларыңдағы мәселені өздерің шешіңдер! Оларды бізге және өзгелерге айтушы болма! Ешкімнің қолдауынан үміттенбе!
10) Күйеуіңнен шамасы жетпейтін, алуға қиналатын нәрселерді алып беруін талап етпе!
11) Әйелінің жақсы мінезді болуы – еріне жәннат ниғметі. Сен жолдасыңа жәннат ниғметі бол! Оның өмірдегі азабы болма!