Тарихи тұлғалар... Қусам бин Аббас
Қусам бин Аббас – Мұхаммед алейһиссаламның әкесінің ағасы хазреті Аббастың 10 ұлының төртіншісі. Құрайш тайпасынан және Хашим ұлдарынан. Орталық Азияға, біздің ата-бабаларымызға ислам нұрын жеткізгендердің бірі. Анасы Үмм-үл Фадл Лубаба бинтил Харис. Лубаба ханым пайғамбарымыздың пәк әйелдерінен Мәймунә (радиаллаһу анһа) анамыздың әпкесі болады. Меккеде хазреті Хадишадан кейін алғашқы мұсылман болған әйелдің Лубаба екендігі айтылған.
Бір күні Лубаба анамыз түсінде Расулуллаһтың бір бөлшегін үйінде көреді. Түсін пайғамбарымызға айтып береді. Пайғамбарымыз: «Бұл жақсылықтың белгісі, Фатиманың бір ұлы болады. Өз ұлыңның сүтімен оны да емізесің!» деп айтады. Кейін хазреті Хасан (радиаллаһу анһ) дүниеге келеді. Лубаба оны емізеді. Қусам хазреті Хасаннан кіші еді. Пайғамбарымыз қайтыс болған кезде Қусам 8 жастан асқан еді. Пайғамбарымызға қатты ұқсайтын.
Жафар Тайярдың ұлы Абдуллаһ былай дейді: «Мен, Убайдуллаһ бин Аббас және Қусам бин Аббас үшеуміз ойнап жүрген едік. Сол кезде Расулуллаһ бір жануарға мініп алған күйде алдымызға келді. «Анау баланы маған көтеріңдер!» деп мені алдына мінгізді. Қусамды да «Маған алып беріңдер!» деп оны артына мінгізді. Убайдуллаһ, әкесі Аббастың жанында Қусамнан да сүйікті еді. Сонда да Расулуллаһ әкесінің ағасынан тартынбай Қусамды мінгізіп, Убайдуллаһты қалдырды.
Хазреті Әли халифа болған кезде Қусамды Меккенің әкімі етіп тағайындады. Қусам хазреті Муауияның халифалығы заманында хазреті Османның ұлы Саидпен бірге Самарқандқа барады және 672 жылы Құрбан айт күні сол жерде шәһид болады. Қабірі Самарқандта, Шахи Зинда деген кесенелерде. Адамдар зиярат жасап, берекеттенуде.