Untitled Document

Оқиға... Сенен алтынның иісі шығып тұр!

Алжирде өмір сүрген әулие кісілердің бірі — Әбу әл-Аббас Мүстеғаними (рахметуллаһи алейһ), Мүстеғаним қаласында өмір сүріп, сонда дүние салған.

Сол заманда бір жас жігіт білім алуды қатты армандайтын.

Анасы баласының шапанына төрт алтын тігіп, оны білім іздеуге шығарып салады. Жас жігіт бірнеше жерді аралап, ақыры осы ұлы кісінің медресесіне келіп жетеді.

Және:

— Ұстаз, мен сіздің шәкіртіңіз болғым келеді, — деп өтініш білдіреді.

Сонда әулие күлімсіреп:

— Боларсың... Бірақ сенен «алтынның иісі» шығып тұр. Жүрегіңде дүниеқұмарлық бар кезде өзіңді шын ғылымға арнай алмайсың, балам, — дейді.

Жігіт қарсылық білдіреді:

— Менде алтын жоқ қой!

Ұстаз оған былай дейді:

— Анаң берген алтындарды ұмыттың ба, балам?

— Қай алтындар? — дейді таңдана.

— Анаң шапаныңның ішіне тігіп берген алтындар бар еді ғой, соларды айтып тұрмын, — дейді.

Жас жігіт ұялып, жерге қарайды.

Сонда ұлы кісі сұрайды:

— Сен шынымен шәкірт болғың келе ме, балам?

— Иә, қатты қалаймын, — дейді.

— Онда әлгі алтындарды кедей-кепшіктерге таратып кел. Сол кезде нағыз шәкірт боласың, — дейді.

Жігіт:

— Жарайды, ұстазым, — деп, далаға жүгіріп шығып кетеді.

Бір демде әлгі төрт алтынды таратып, қайта оралады. Сабаққа кірісіп, бірнеше жылдан кейін туған ауылына «ұлы ғалым» болып оралады.