Күннің тарихы... Хусейн Хилми Истанбули
Дін ілімдерінде терең білімге ие, ал тасаууф (сопылық) саласында кемелдікке жеткен, айналасына ілім үйретіп, рухани тәрбие берген, көптеген кереметтер мен ғажайыптарға ие болған Сәийд Абдулхаким Арваси хазреттің тәрбиесін көріп, оның жолында өскен таңдаулы ғалымдардың бірі — Хусейн Хилми Ышық хазрет.
Оның еңбектері бүгінде әлемнің көптеген елдерінде оқылады. «Там Илмихал Саадәт-и Әбәдия» (мәңгілік бақытқа жеткізетін толық діни оқу құралы) атты ең танымал кітабының қатарында, ол 14 түрікше, 60 арабша, 25 парсыша еңбек жазып, осы кітаптардың француз, ағылшын, неміс, орыс және басқа да тілдерге аударылуына мұрындық болды.
Хусейн Хилми Ышық хазрет 1911 жылдың 8 наурызында Стамбұлдың әйгілі Әюб Сұлтан ауданында дүниеге келіп, 2001 жылдың 26 қазанында бақилық болды. Жүздеген адам қатысқан жаназа намазынан кейін Әюб Сұлтандағы отбасы қорымына жерленді.
«Стамбұл әулиелері» кітабында былай делінеді: Хусейн Хилми мырза — материалдық та, рухани да, дүниелік те, ахиреттік те, әсіресе жаратылыстану, медицина және фармацевтика (дәрігерлік және дәрілік) ғылымдары бойынша өз дәуірінің озық ғұламаларының бірі еді.
Ол әрбір сөзін ғылымға, техникаға және тәжірибеге негіздей отырып сөйлейтін. Білгенін, көргенін діннің негізгі өлшемдерімен салыстырып, саралап жеткізетін. Сондықтан да оның әрбір сөзінде дүниелік те, ахиреттік те даналық пен пайда жататын.
Ол — хикмет иесі, яғни сөзімен үнемі пайдалы, мәнді ой айтатын, бұл заманда сирек кездесетін дара білім иесі, шын мәніндегі ғалым тұлға еді.