Untitled Document

Ислам ахлақы... Асығу (2)

«Әш’иа-тул-ләмәат» кітабындағы хадис шәрифте: «Ей, Әли, үш нәрсені кешіктірме! Намазды уақыты кіре сала оқы, жаназа намазын да кешіктірмей оқы! Жесірді немесе қызды теңіне беруге асық» деп бұйырылды. Олай болса намазын оқитын, күнәдан сақтанатын және нәпақасын халалдан табатын ер жігіт шықса, қызды тез арада соған ұзату керек. Ұзатылмаса фитнаға (бүлікке) себеп болуы мүмкін.

Хадис шәрифте былай делінді: «Діні, ахлақы (мінезі, әдептілігі) сендерге ұнайтын ер азамат қыздарыңды сұрап келсе, кешіктірмей беріңдер! Егер қыздарыңды ондай кісіге бермесеңдер, фитна мен бүліктің шығуына себеп боласыңдар». (Тирмизи).

Ғибадаттар мен қайырлы (жақсы) нәрселерді жасауда асығу керек. Осыған байланысты бірнеше хадис шәрифте былай делінеді: «Өлмей тұрып тәубе етіңдер! Қайырлы істерді кедергі шықпай тұрып жасауға асығыңдар! Аллаһу та’аланы көп еске алыңдар! Зекет пен садақа беруге асығыңдар! Осылайша Раббыларыңның ризқы мен жәрдеміне қауышыңдар!» (Ибн Мажә).

«Садақа беруге асығыңдар, өйткені бәле садақаны асып өте алмайды». (Бәйһақи).

«Бес нәрсе келмей тұрып бес нәрсенің қадірін біліңдер: Өлмей тұрып өмірдің қадірін, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, дүниеде ахиретке сауап жинаудың қадірін, қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін, кедейленбей тұрып байлықтың қадірін біліңдер». (Хаким).

Дүние-мүлкінің зекетін бермеген, дүние-мүлкін ахирет жолында пида етпеген адам кедей болып қалғанда өкінеді.