Сұхбат... Дұға үш түрде қабыл болады
Әһли хикмет (әулие) кісілер былай деген:
Аллаһу та’ала дұғаны үш түрде қабыл етеді:
1) Сол сәтте, яғни дұға етудің артынша қабыл етеді.
2) Қабыл етеді, бірақ сол сәтте бермейді. Біз қанша жалынып жалбарынсақ та, көз жасымен дұға етсек те, Аллаһ десек те дереу бермейді. Сонда қашан береді? Өлерде береді, қабірде береді, махшар алаңында береді, мизан таразында береді, сырат көпірінде береді, ең соңы жәннатта береді. Яғни міндетті түрде береді.
3) Дүниеде де, ахиретте де бермейді. Жарайды, бірақ Аллаһу та’ала «Мен дұғаларды қабыл етемін» деген. Иә, қабыл етеді, бірақ сұралған нәрсені бермейді, оның орнына басқа нәрсе береді. Бәлкім сұралғаннан да құнды нәрсе береді. Басымызға келетін қиыншылық, ауру, бәле-жала бар болса, бұл дұғаның себебімен барлығын тоқтатады.
Мұсылмандар Аллаһу та’аланың разылығы үшін бір жерге жиналғанда мүлдем сөйлемесе де фәйз-береке әрбірінің жүректеріне жалғанып тұрған екі ыдыстағыдай бір-біріне ағып өтеді. Сонымен қатар хазреті Имам Раббани секілді ұлы ғұламалардың есімі де аталатын болса, бұл жиынға фәйз-береке молынан төгіледі.
Бір мұсылман тек Аллаһ разылығы үшін басқа мұсылман бауырына қонаққа баратын болса, жүз мың нәпіл қажылықтың сауабы беріледі. Мұсылманның жүзіне мейіріммен, құрметпен қараған адамның күнәлары төгіледі.
Жәбрейіл алейһиссалам 2 рәкат намаз оқыпты, бұл екі рәкат намаз оқуына төрт мың ахирет жылы кетіпті. Кейін «Йа, Раббым! Ғалам жаратылғаннан бері осылай намаз оқыған құлың бар ма? деп сұраған екен. Аллаһу та’ала: «Ақыр заманда келетін Мұхаммедтің үмметінен бір құлым 2 рәкат намаз оқиды, қате қылып, қаза қылып, әртүрлі ойлармен, қанша рәкат оқығанын білмей оқиды. Олардың бірнеше минутта оқыған 2 рәкат намазы сенің 4000 жылда оқыған намазыңнан артық болып қабыл алынады» деп жауаптайды.
- Йа, Раббым, неліктен олай болады?
- Өйткені олар дүние сүйіспеншілігінен тыйылады, нәпсілерінің жамандығынан құтылуға тырысады, шайтанның уәсуәсасына алданбай «Аллаһу әкбар» дейді...