Оқиға... Бір сүннет бір қамалды алады
Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) халифа болып тұрған уақытында Шам (Дамаск) қаласының маңында бір қамалды қоршап алады. Күн төбеге келгеніне қарамай қамал мұсылмандар қолына өте қоймайды. Бұған ашуланған хазреті Омар (радиаллаһу анһ) бүткіл әскерін алдына шақырып алып: «Қамалды осынша уақыт басып ала алмауымыздың себебі неде? Ислам әскеріне осынша уақыт қарсы тұратындай кәпірлер соншама мықты ма?! Араларыңда қандайда бір қателікке жол берген біреу бар, әйтпесе кәпірлер мұнша уақыт шыдай алмас еді» деп ұрысады.
Сахабалардың барлығы таралып истиғфар мен тәубе етуге кіріседі. Осы уақытта сахабалардың бірі жылап, хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) алдына келіп былай дейді: «Ей, мүминдердің әміршісі! Өткен түні тәһәджүд намазын оқығалы тұрғанымда қараңғыдан мисуағымды таба алмадым. Мисуак қолданбай намаз оқып едім. Қамалды ұзақ уақыт басып ала алмауымыз менің осы сүннетті тәрк еткендігімнен болар» дейді. «Истиғфар мен тәубе етуді жалғастыр!» дейді оған хазреті Омар (радиаллаһу анһ). Осы әңгімеден кейін бір сағат өтпей-ақ қамал алынады.