Әңгіме... Қыдырбай молданың әңгімесі (3)
Бір уақытта қожайын:
- Ұстазың кім? – деп сұрады.
- Ұстазым бәленше деген молда, - дедім.
- Оо, сен нағыз данышпан молдадан дәріс алған екенсің ғой – деп күркеден шығып жүре берді. Не болғанын түсінбей мен де біраз отырып қалдым. Бір уақытта аяғын сүйрете басқан байдың баласы келіп әкесінің шақырып жатқанын айтты. Әдетте бұлар есіктен басын шығарып айқай салатын, енді неге байдың баласы өз аяғымен келіп тұр? Өмірімде табалдырығынан аттап көрмеген зәулім сарай үйдің есігіне барып тоқтадым. Байдың баласы есікті ашып, «ішке кір» деді. Кірдім. Бай арғы бөлмеден шығып, менің қолымнан жетектеп бір бөлмесіне апарды. «Енді осында тұрасың» деді. Аң-таңмын. Бәйбішесі келіп «мыналарды үстіңе киіп ал» деп баласының жаңалау киімдерін берді. Баласы моншаға ертіп апарды. Тағы біраздан кейін әке-шешем өлгелі бірінші рет баймен бірге бір дастарханнан тамақ іштім.
- Қыдыр, екеуіміздің ұстазымыз бір адам екен. Ол өте мықты ғалым еді. Сенің ондай адамнан білім алғаныңды, сенің сауатты екеніңді білмеппін. Бұдан былай сен құжырада тұрмайсың, осында бізбен тұрып, бізбен бірге ас ішесің, - деді.
Осы кезде, әлде, қорқыныштың бірден сейілгенінен, әлде, мені молдаға жетелеп апарып оқытқан әке-шешем есіме түсіп кетті ме, еңіреп қоя бердім...
Сол күннен бастап, тамақ пен киімді, жылы төсек тегін болғаны былай тұрсын, маған жалақы төлейтін болды. Оның сыртында аптасына үш рет медресеге барып, сабақ оқуға мүмкіндік берді.
Міне, балам! Білім – күркедегі мені байдың сарайына кіргізді! Білім – менің есіктегі басымды төрге шығарды...».
Дәулетхан Жиенқұлов.