Әңгіме... Қыдырбай молданың әңгімесі (2)
Бір күні, демалыс еді. Қос жиренді жетектеп өзенге кеткем, суарып келуге. Аттарды аунатып, үстілерін қармен ысқылап тазалап келгенше шамамен бір сағаттай уақыт өтті. Ақырға байлап, шөп салып жатыр едім, байдың «Әй, Қыдыр, қайдасың? Бері кел» деген дауысы шықты. Жүрегім аузыма тығылды, тағы бір бәле боп қалған екен ғой, деп тұра жүгірдім. Есіктің алдында ешкім жоқ. Бақсам, дауыс мен жататын күркеден шығады. Ақырындап барып есікті ашсам, мен жататын тақтайдың үстінде қожайыным отыр. Ол ешқашан мұнда бас сұқпайтын, кірмек түгіл.
Әкемнің тірі кезінде молдадан 3-4 жыл сабақ алып, сауат ашып едім. Зеректігім үшін ұстазым маған 2 кітап сыйлаған еді. Сол кітаптар әлгі ешкінің қарны тартылған терезенің алдында тұратын. Анда-санда сөз жүгіртіп оқушы едім.
Енді міне, сол кітап менің қожайынымның қолында тұр. Жүрегім аузыма тығылды.
- Әй, Қыдыр, сен мына кітаптарды қайдан алдың? – деді бай.
- Ұстазым беріп еді, - дедім жыларман болып.
- Ұстазым? Ұстаз деймісің? Сен оқи аласың ба? – деді, көзі шарасынан шығып кеткен бай.
- Иә, оқи аламын.
- Кәне, мынаны оқышы, - деп қолындағы кітаптың бірін маған ұстатты. Сол босағада тұрған бойы, кітапты ашып судыратып оқи бастадым. Біраз оқығаннан кейін, «әй, сен жаттап алғаннан саумысың, кәне мынаны оқышы, әгәр қат танысаң», деп қалтасынан бір ескі кішкене кітап шығарып берді.
Оны да судыратып оқып бердім. Біраз үнсіз отырып қалды. Ол үндемеген сайын менің жүрегім суылдап, қол-аяғым қалтырап барады. Өйткені бұған дейін байлардың еш себепсіз, ұнамай қалсаң болды, қамшының астына алғанын талай басымнан өткерген едім.
(Жалғасы ертең...)