Әңгіме... Қыдырбай молданың әңгімесі (1)
«Мен 13 жасымда жетім қалдым. «Отау иесі» деп қарт әкем мені 13-ке толар-толмасымда ақ үйлендіріп тастаған. «Әлі бала жас қой, тым ерте емес пе?» деп сұраған ағайынға «менің жасым кеп қалды, көзімнің тірісінде келін түсіріп кетейін, немерені Құдай өмір берсе көрерміз» дейді екен.
Ол кезде Талқының (тау) аузында отырамыз, жаздай есекпен, атпен сүйреп әкелген қарағайдан қатырып тұрып екі ауыз там салып алғанбыз. Ол уақытта ортаға қоятын темір пештің өзі қат, табылмайды.
Амал жоқ, қыстың күні ортаға от жағып, соның шоғын көміп қоятынбыз. Таң ата шешем әлгі шоқты қоздатып, үстіне шөп-шалам салып , үрлеп тұтатып алады. Ол кездегі тіршілігіміз сондай ееді. Бірақ, мен үшін осы өмірім жұмақтан қымбат екенін кейін білдім... Жағдайымыз жақсы еді. Мал бір жұттық деп қалай тауып айтқан. Бір қыстағы жұттан таяқ ұстап қана шықтық. Тағы қыс түсті. Бір түнде үйіміз өртеніп кетті. Сол өрттен мен ғана аман қалдым. Әкем мен анам, 13 жастағы пәк әйелім сол түні ажал құшты. Енді аш қалмау үшін байларға жалданып жұмыс істедім. Содан бір байдың атқосшысы болдым. Әйелі мен баласын ары бері арбамен тасып жүрдім. Баласын таң ата салысымен мектепке алып барам, түстен кейін алып қайтам.
Менің еңбекақым – ішкен асым мен жатқан төсегім, басқа көк тиын да көрмеймін. Жатқан төсек дейтін аты ғана. Менің жататын жерім – тауықтың күркесіндей ғана атқораған жапсарлас салынған шағын бөлме.
(Жалғасы ертең...)