Untitled Document

Оқиға... Нағыз жаратушы – Аллаһу та'ала!

Сұрақ: Өздерін ғалым, ғылым адамы деп таныстыратын кейбір адамдар Жаратушыны жоққа шығарып жатады. Шынымен де бүкіл ғалымдар Аллаһты жоққа шығарған ба?

Жауап: Танымал америкалық ғалым Эдисонның әріптесі Мартин Андре Розонофф былай дейді:

«Бір күні зертханаға кірсем, Эдисон өзінен өткен, терең ойға батқан күйде қолындағы ыдысқа қадалып қалыпты. Бетінен таңданыс, құрмет, баға беру мен табыну байқалады. Мені келгенімді көріп, қолындағы ыдысты көрсетті. Ыдыс сынапқа толы еді. Маған:

— Мынаған қара! Бұл қандай керемет! Сен сынаптың ғажап нәрсе екеніне сенесің бе? – деді. Мен:

— Сынап расында да таңғаларлық зат, – дедім. Эдисон дауысы дірілдеп:

— Мен сынапқа қараған сайын оны жаратқан Ұлы Жаратушыға таң қаламын. Оған қандай қасиеттер берген десеңші! Ойлаған сайын ақыл-есімнен айырылатын сияқтымын, – деп сыбырлады. Сосын маған бұрылып:

— Дүниедегі адамдардың бәрі маған таңырқайды. Мен жасаған жаңалықтарды, түрлі өнертабыстарды керемет табыс деп ойлайды! Мені адамнан жоғары бір тіршілік иесі ретінде көргісі келеді. Алайда бұл қандай үлкен қателік! Мен бес тиындық құны жоқ адаммын. Менің жаңалықтарым – бұл дүниеде бұрыннан бар, бірақ адамдар байқамаған таңғажайыптардың кішкентай бір бөлігін ашудан басқа ештеңе емес. «Мұны мен жасадым!» дейтін адам – ең үлкен өтірікші, ең үлкен ақымақ. Адам – қолынан ештеңе келмейтін әлсіз жаратылыс. Адам – тек аздап сөйлей алатын, аздап ойлай алатын жаратылыс. Жақсы ойланған адам тәкаппарлық пен менмендікке салынбайды, қайта өзінің қаншалықты дәрменсіз екенін ұғынады. Міне, мен де осыларды ойлаған сайын өзімнің қаншалықты әлсіз, дәрменсіз, қауқарсыз екенімді түсінемін. Мен өнертапқышпын ба? Нағыз өнертапқыш, нағыз данышпан, нағыз Жаратушы – Ол Аллаһ!» – деді.

Көріп тұрғанымыздай, нағыз ғалымдар Аллаһу та'аланың бар екеніне сенеді және Оның дініне шын жүректен беріледі.