Untitled Document

Сұхбат... Ең жақсы дұға

Йа, Раббым! Күнәларымызды рақымдылығыңмен кешір. Өлгендердің күнәларын кешір, тірілерге игілік ете гөр!

Риядан, даудан, түсініспеушіліктен, әр түрлі аурудан, қазадан, бәле-жаладан, жалқаулықтан, әлсіздіктен, масқара болудан, зұлымдық жасаудан, зұлымдық көруден, сараңдықтан, ысырапшылықтан, аздыратын байлықтан, тура жолдан тайдыратын кедейліктен, шайтан мен нәпсінің жамандығынан, дұшпанның үстемдігінен, жаман мінезден, бидғат істеуден, адасудан, жалған ғибадаттан, әртүрлі күнәлардан, күпірлікке түсуден, өлерде басқа келетін бүліктерден, қабір азабынан, дініміз бен дүниемізге зиян келтіретін істерден сақтай гөр, Йа, Раббым! 

Йа, Раббым! Бізге таусылмас иман, жақсы мінез, шүкіршіл жүрек, сабырлы тән, зікіршіл тіл, тағдырға разы болатын қайырлы өмір, дұрыс ұрпақ, дүние мен ахиретте жақсылық бер. Ата-аналарымыздың күнәларын кешіре гөр!

Йа, Раббым! Бізге Өз сүйіспеншілігіңді, сүйгендеріңнің сүйіспеншілігін, бүкіл пайғамбарлардың, әһли бәйттің, сахабалардың және барлық әулиелердің сүйіспеншілігін және сенің сүйіспеншілігіңе қауыштыратын әрекет пен істерді нәсіп ет! 

Йа, Раббым! Дініңе қызмет етуді, кісі ақысын өтеуді және иманмен жан тапсыруды нәсіп ет! Бізге дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс етіп көрсет!

Йа, Раббым! Осы отанды бізге қалдырған бабаларымыздың рухын шаттандыр. Мемлекетімізге еңбегі сіңген және Аллаһ үшін соғысқан аталарымызға рақымдылық таныт. Елімізді әртүрлі дұшпандардан қорға. Өйткені, Сенің барлық нәрсеге күшің жетеді. Дұғаларымызды қабыл ете гөр! Әмин.