Әдеп-ахлақ... Суи зан ету (2)
(жаман күмәнде, ойда болу)
Адамдарға ғана емес Аллаһу та'ала жайлы да суизан етуден аулақ болу керек. Мәселен адамның «менің күнәларым кешірілмейді» деп ойлауы Аллаһу та'алаға суизан ету болып табылады. Өйткені Аллаһу та'ала шарттарына сай жасалған тәубені қабыл ететінін және барлық түрлі күнәні кешіретінін білдірген. Сондықтан Аллаһу та'ала жайлы әр уақытта хусни зан ету (жақсы ойда болу) керек. Ол тәубемді қабылдап мені кешіреді деп ойлау және осылай сену керек. Өйткені хадис құдсида: «Құлым мен туралы қандай ойда болса, онымен ойлағанындай мәміледе боламын» делінген.
Пайғамбарымыз өлім төсегінде жатқан бір жас жігіттен:
- Өзіңді қалай сезінудесің? – деп сұрағанында жас жігіт:
- Күнәларымнан қорқып жатырмын, Аллаһу та'аланың мейірімінен де үмітімді үзбей жатырмын – деп жауап береді. Сонда пайғамбарымыз алейһиссалам:
- Өлім аузында кімде осы қорқыныш пен үміт бар болса, Аллаһу та'ала ол адамды үміт еткеніне жеткізеді және қорыққанынан сақтайды – дейді.
Адамның өлімі жақындаған сайын Аллаһу та'алаға деген хусни заны (оң ойы) күшті болуы керек. Яғни мен қанша күнәһар болсам да Аллаһу та'ала мені кешіреді деп үміттенуі керек. Өйткені хадис шәрифте: «Сендерден әрбірің өлім аузында міндетті түрде Аллаһу та'аланы хусни зан етсін» деп бұйырылған.
Аллаһтың мейірімінің, кешірімінің мол екенін білу керек. Күнәларымыз көп болса да, Аллаһу та'аланың кешіре алатындығын ойлау хусни зан болып табылады. Құран кәрімде: «Ей, күнәсі көп құлдарым, Аллаһтың мейірімінен үміттеріңді үзбеңдер! Аллаһ күнәлардың барлығын кешіреді. Ол шексіз кешірім мен мейірім иесі» деп бұйырылған.