Сұхбат... Қиындықта сабыр ету
Аллаһу та'аланың жазған тағдырына, Аллаһу та’аладан келіп жатқан барлық нәрсеге разы болу керек. Кез келген қиыншылықта, дерттерде сабырлы болуға тырысу керек. Хадис шәрифте былай делінеді: «Кімде мына үш нәрсе бар болса, дүние мен ахиреттің қайырына қауышты деген сөз: Тағдырға разылық, бәлеге сабыр, молшылықта дұға». (Дәйләми).
Қиыншылық болмаса адамдар азғыра бастайды. Қиыншылық келсе ең болмағанда «Йа, Аллаһ құтқара гөр» деп дұға етіп, тәубеге келеді. Хазреті Сәйфәддин Фаруқи: «Егер Аллаһу та’ала құлдарына ешқандай дерт, қиыншылық бермегенде немесе өте аз бергенде адамдар оған ғибадат етуден және Оны зікір етуден ғапыл болар еді... Жақсылап ойланатын болсақ, дерт пен қиыншылықтар негізінде ниғмет екендігі, Аллаһу та’алаға жақындататын себеп екендігі аңғарылады» деген.
Аллаһу та’ала мейірім еткен құлдарына дерт, қиыншылық жіберу арқылы оларды ғафлеттен ояндырады. Өйткені адамның денсаулығы үнемі мықты болып, ешбір жері аурымаса, Аллаһу та’аланы ұмытуға, Оған қарсы шығуға, харам істеуге итермелейді. Сондықтан хадис шәрифте: «Мұсылмандарда мына үш нәрсенің бірі болады: Қиллет яғни кедейшілік, иллет яғни ауру, зиллет яғни абыройсыздық» деп білдірген.
Дерт, бәле, қиыншылықтар – күнәларға кәфарат болып табылады. Яғни күнәлардың кешіріміне себепші болады. Хадис шәрифте: «Құлдың күнәлары көбейіп, оны (күнәларын) жоятын жақсы амалы табылмаса, оған қиыншылықтар келіп, күнәларына кәфарат (кешірілуіне себепші) болады» деліген. Демек жасаған күнәларымыздың бір бөлігіне жаза ретінде басымызға келеңсіздік, бақытсыздық келеді. Осылайша күнәміздің жазасын ахиретке қалдырмай, осы дүниеде тартамыз, ал бұл дүниедегі жаза ахиреттегіден жеңіл.