Untitled Document

Сұхбат... Намаз – ұлы әмір!

Намаз адам баласына тыйым салынған, жағымсыз iс-әрекеттердi iстеуден бас тартқызады. Күнәларға кәфарат (өтеу) болады. Бұл жайында хадис шәрифте: «Бес уақыт намаз үйiңіздің алдынан ағып жатқан өзен секiлдi. Ол өзенге күнiне бес рет жуынған адамның кiрі кетіп, күнәлары кешіріледі» - делінген.              

Намаз Аллаһу та’ала және оның елшiсiне иман келтiруден кейiнгi күллi ғибадаттардың ең абзалы. Сондықтан намазды парыздарына, уәжiптерiне, сүннеттерi мен мүстаһабтарына назар аударып, кемшiлiксiз орындау қажет. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Ей, үмбетiм! Ей, сахабаларым! Кемшiлiксiз оқылған намаз – Аллаһу та’ала әмiр еткен ғибадаттардың ішіндегі ең абзалы, ең ұлысы! Пайғамбарлардың сүннетi. Перiштелердiң сүйгенi. Бiлiмнiң, жетi қабат көктiң нұры. Дененiң қуаты. Ризықтың берекетi. Дұғаның қабыл болуына себепшi. Әзiрейiлдiң құзырында шапағатшы. Қабiрде жарық. Мүнкәр-Нәкiрге берiлер жауап. Қияметте көлеңке. Тозақ отына қалқан. Сырат көпiрiнен найзағай секiлдi өтуiңе жәрдемшi. Жәннаттың кiлтi. Пейiште басыңа тәж. Аллаһу та’аланың иманды құлдарына берген ең ұлы сыйлығы. Егер намаздан да абзал өзге бір ғибадат болғанда, Аллаһ иманды құлдарына алдымен соны бiлдiрер едi. Күллi перiште атаулының кейбірі қиямда, кейбірі рукуде, кейбірі сәждеде, кейбірі ташаһһудте. Бұның барлығын бiр-ақ рәкат намазға сыйғызып, мұсылмандарға сыйға тартты. Өйткенi, намаз – иманның басы, дiннiң тiрегі, Исламның нағыз өзi. Мұсылманның миғражы. Көктiң нұры. Тозақтан құтқарушы».