Untitled Document

Имам Ахмед бин Ханбәл

Жәннатпен сүйіншіленген әһли сүннет уәл жамағаттың төрт үлкен мәзһабының бірі — Ханбали мәзһабының жетекшісі.

164 (м. 781) жылы Бағдатта дүниеге келген. 241 (м. 855) жылы Бағдатта қайтыс болды. Тегі – Басралық. Әкесінің есімі — Мұхаммед ибн Ханбәл.

Әкесі ол өте жас кезінде қайтыс болған. Оны тәрбиелеп өсірген анасы. Ол жас кезінен-ақ ілім алуға ден қойған. Ол уақытта Бағдат – ілімнің маңызды орталығы еді. Мұнда хадис ғалымдары, қари (Құран оқушылары), тасаввуфта жетілген ұлы тұлғалар мен басқа да ғылымдарда білікті ғалымдар болған. Әуелі Құранды жаттап алды. Содан кейін тіл білімі, хадис, фиқһ, сахаба мен табиин риуаяттарын үйренді.

Өз қатарластары арасында – байсалдылығы, тақуалығы, сабыры, беріктігі және төзімділігімен танымал болған. Бұл қасиеттері ол 15-16 жасында-ақ араласқан ғалымдардың назарын аударған. Хәйсәм бин Жәмил ол туралы сол кездің өзінде: «Егер бұл бала өмір сүрсе, өз заманының ілімде дәлелі (жетекшісі) болады» деген.

Алдымен Имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірті Имам Әбу Юсуфтан фиқһ пен хадис ілімінен дәріс алған. Одан кейін үш жыл Хушаймның дәрісіне қатысып, одан хадис тыңдаған. Сонымен қатар Бағдаттағы атақты ғалымдардан да сабақ алған.

Кейін ілім алу мақсатында сапарларға аттанған. Басра, Куфа, Мекке-и Мукаррама, Мәдина-и Мүнаууара, Шам және әл-Жәзираға барып, хадис ілімін үйренген. Хадис риуаят етушілерді жеке көзімен көріп, тікелей хадис тыңдаған. Басра мен Хижазға бес рет сапар жасаған. Мекке мен Бағдатта Имам Шафииден ілім алған.

Имам Шафии (рахимәһуллаһ) былай деген:

«Бағдаттан кетерде мен ол жерде Ахмед ибн Ханбәлден артық ғалым, терең фиқһ иесі, харам мен күмәнді нәрселерден сақтанатын адам көрмедім».

Әбу Дәууд Сижистани былай деген:

«Екі жүзге жуық атақты ғалыммен жүздестім. Бірақ Ахмед ибн Ханбәл сияқтысын көрмедім. Ол адамдар қызығып кеткен дүние істеріне ешқашан араласпайтын. Тек ілім туралы сөз қозғалғанда ғана тіл қатып сөйлейтін».