Ғұлама... Хазреті Ахмет Яссауи
Қожа Ахмет Яссауи хазрет – Түркістандық ұлы ғұлама, әулие. Әкесі Исфиджабта даңққа бөленген әулие, хазреті Әлидің ұрпағы – Шәйх Ибраһим. Тегі Хазреті Фатима анамызға жанаспағандықтан, сәйид емес. Анасы Мұса шәйхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Қай жылы туылғаны белгісіз, 1166 ж. Түркістан (Йассы) қаласында қайтыс болған. Әмір Темір қабіріне өте көрнекті кесене салдырған.
Ахмет Яссауидің ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Оған 16 жыл қызмет етіп, одан захир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренген. Арыстан баб қайтыс болғаннан кейін Бұхараға барып сол заманғы әһли сүннет ғалымдарының ең үстемі Юсуф Хамаданиге байланып, рухани ілімдерден дәріс алды. Адамдарға ілім үйрету, дұрыс жолды көрсету үшін одан ижазат (диплом) алды. Кейін Йассыға қайтып, шәкірт жетілдірді.
Жүз мыңға жуық шәкірттері болды. Яссауидің ілім ұясынан жетілген Яссауия дәруіштері Хорасан, Әзербайжан, Хижаз және Анадолы өлкелеріне дейін тарады. Барған жерлерінде жақсы мінездерімен және шырайлы уағыз-насихаттарымен адамдардың дүние және ахирет бақытына қауышуларына себепкер болды.
Оның «Диуани Хикмет», «Мират ул-Қулуб», «Пақырнама» атты туындылары көне түркі тілінде жазылғандықтан, жергілікті халыққа түсініктілігі арқасында талай мәрте қайта көшіріліп, бірнеше рет басылған... Оның уағыздық өлеңдерінің діни-мистикалық мазмұны ондағы жақсылыққа, әділеттілікке шақырған үнмен ұласады.
Қайырымдылық пен мейірімділікті өміріне арқау етіп, бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеген Яссауидың кереметтері аңыз әңгіме болып әлі күнге дейін ел аузында айтылып келеді.
Ахмет Яссауи бала кезінен бастап Расулуллаһ алейһиссаламның сүннетіне мойынсұнуға тырысқан. Сол себепті 63 жасқа келгенінде пайғамбарымыздың осы жасында қайтыс болғанын ойлап, жер бетінде өмір сүруді жөн көрмеді. Жер астына бір бөлме жасатып, өмірінің соңына дейін осы жер асты бөлмесінде шәкірттеріне дәріс беріп, ғибадатпен өткізді. 125 жасында (басқа деректерде 133) жасында қайтыс болған.