Оқиға ... Әйюб пайғамбардың сабыры
Аллаһу та’ала Әйюб алейһиссаламды сабырлықпен емтихан етуді (сынау) қалады. Әйюб алейһиссалам өте бай кезінде қойларын сел алып, егістерін жел ұшырып, бүкіл мал-мүлкі түрлі себептермен жоқ болды.
Бұдан кейін Аллаһу та’ала Әйюб алейһиссаламның денесіне бір ауру берді. Туыстары, жолдастары оны жалғыз тастап кетіп, қол ұшын берер ешкімі де болмады. Тек адал, мейірімді жары Рахима ханым ғана оны тастамады.
Әйюб пайғамбар әйелі жасаған күркеде 7 жыл бойы көрген қиыншылықтармен азап ішіндегі жағдайынан бір рет болса да шағымданбады.
Бір күні Жәбрейіл алейһиссалам келіп, Аллаһу та’аланың: «Ей, Әйюб! Бәле жібердім сабыр еттің! Енді мен саған денсаулық пен ниғмет беремін» деген хабарын алып келді. Құран кәрімде білдіргеніндей Аллаһу та’ала «Аяғыңды жерге ұр. Шыққан сумен ғұсыл ал және салқынынан іш!» деп бұйырды. Бұларды орындаған Әйюб алейһиссалам жас күйіне енді. Жәбрейіл алейһиссалам оған әдемі киімдер кигізді. Осы кезде әйелі келді. Әйюб алейһиссаламның күркеде жоқ екенін көріп, таң қалды. Әйюб пайғамбар:
- Ей, ханым! Кімді іздеп жүрсің?
- Бір сырқат кісіні іздеп жүрмін. Есімі Әйюб. Ол менің жан жолдасым еді. Дені сау кезде тура саған ұқсайтын.
- Ей, Рахима! Ол сырқат болған Әйюб менмін. Аллаһу та’ала маған денсаулық берді.
Кейін шүкір етіп екеуі жылап алды. Қалаға кірерде халық оларды қуанышпен қарсы алды.