Untitled Document

Ғибратты оқиға... Хазреті Осман

 Хазіреті Османның айтып бергені:

«Менің бір әпкем бар еді. Өте ілімді кісі болатын. Бір күні маған былай деді:

- Саған бір сұлу бұйырғалы тұр. Сен одан бұрын ешқандай қызбен болмайсың, ол да сенен бұрын ешқандай еркекпен болмайды. Сұлу реңді және өте діндар қыз, бір ұлы пайғамбардың қызы болса керек.

Мен бұл сөздеріне қайран қалдым. Кейін маған қарап:

- Бір пайғамбар келді. Оған уахи түсті.

- Ей, әпке! Мұндай хабар қалада әлі естілмеді. Анықтап түсіндіріп айтшы!

- Мұхаммед бин Абдуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлық берілді. Халықты дінге шақырып жүр. Көп уақыт өтпей Оның дінімен әлем нұрланады. Оған қарсы шыққандар екі дүниеде де оңбайды.

Бұл сөзі маған қатты әсер етті. Қобалжып кеттім. Әбу Бәкір екеуміздің арамызда достық бар еді. Бір-бірімізден еш айрылмайтынбыз. Екі күннен кейін оған бардым. Әпкемнің айтқандарын оған айтып бердім. Хазреті Әбу Бәкір маған былай деді:

- Сен ақылды адамсың. Еш көрмейтін, естімейтін, бізге пайдасы да зияны да тимейтін пұттар қалай құлшылыққа лайық болады? Сенің айтқандарың рас. Сенің әпкең де саған дұрыс айтқан.

Хазреті Әбу Бәкір екеуміз осылай сөйлесіп отырғанда Расулуллаһ пен хазреті Әли жанымызға келді. Хазреті Әбу Бәкір тұрып Расулуллаһқа бірдеңе айтты.

Пайғамбарымыз келіп жанымызға отырды, маған қарап былай бұйырды:

«Ей, Осман! Мен Раббымыздың пайғамбарымын. Аллаһ сені жәннатқа шақыруда. Сен де бұл шақыруды қабыл ет!»

Бұл сөзі маған қатты әсер етті. Сол сәтте шаһадат калимасын айтып Исламға келдім. Қысқа уақыттан кейін уахи келіп, пайғамбарымыз қызы Руқаямен некелестірді. (Ол қайтыс болғанда Умми Гүлсүммен некелестірді).

Әпкем менің иман етуіме қатты қуанған еді».