Сұхбат... Харам дегеніміз не?
Харам: Аллаһу та’аланың Құран кәрiмде «iстемеңдер» деп ашық бұйырған iстерге айтылады. Харамдардың істелуіне және қолданылуына нақты түрде тыйым салынған. Харамға халал деу, халалға харам деу күпір болады. Харам болған нәрселердi тәрк ету, олардан сақтану парыз және үлкен сауап.
Харамдар екі түрлі болады:
Харам ли-айниһи: Адам өлтiру, зина жасау, құмар ойнау, арақ және әртүрлi алкагольдi iшiмдiктердi iшу, өтiрiк айту, ұрлық жасау, шошқа етiн жеу, қан, арам өлген және шариғатқа сай сойылмаған мал етін жеу, әйелдер мен қыздардың әурет жерiн ашып көшеге шығуы үлкен харам iстер болып саналады. Бiр адам бұл iстердің бірін iстеген кезде «бисмиллаһ» десе, халал деп сенсе немесе Аллаһу та’аланың харам еткеніне мән бермесе, кәпiр болады. Бұл iстердің харам екендiгiне сенiп, Аллаһтан қорқып істесе кәпiр болмайды, бiрақ тозақ отына лайық болады. Ал егер сол iстi ары қарай жалғастырып iстеп жүрiп өліп кетсе имансыз кетуге себеп болады.
Харам ли-ғайриһи: Негiзi халал болып, біреудің ақысы араласқаны үшiн харам болған нәрселер. Мысалы, бiр кiсiнiң бағынан иесiнің рұқсатынсыз жемiстерiн жеу, үйiндегi заттары мен ақшасын ұрлау, аманатқа қиянат жасау, пара алу, өсiм және құмар ойнау арқылы ақша немесе байлық табу сияқты. Бұларды істеген адам «бисмиллаһ» деп бастаса немесе ол алғаным халал десе кәпiр болмайды. Өйткенi сол нәрсе бір кiсiнiң халал мүлкі, яғни қайтарып алуы мүмкін. Бес жарым дана арпа ауырлығындағы күмiс мөлшерiндей ақы үшiн қиямет күнiнде жамағатпен оқылып қабыл болған 700 рәкат намаздың сауабын Аллаһу та’ала алып хақ иесіне бередi. Харамнан сақтанудың сауабы ғибадат етуден көп. Сондықтан харамдарды танып, үйреніп, олардан бойын аулақ ұстау керек.