Untitled Document

Сұхбат... Төрт мазһаб имамы және басқа ғалымдар

Ақида, яғни сенiмде, имандылықта хақ бiр ғана жол бар. Бұл жол «Әһли сүннәт уәл жамағат» мазһабы. Мазһаб – жол дегенді білдіреді. Дүние жүзiндегi барлық мұсылмандарға дұрыс жолды көрсеткен және Мухаммед алейһиссаламның осы жолын еш өзгертпей кемшiлiксiз жетуiне себепшi болған төрт ғалым бар. Олардың бiрiншiсi, әһли сүннеттiң басшысы Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман бин Сабит. Екiншiсi, Имам Малик бин Әнас, үшiншiсi, Имам Мухаммед бин Идрис Шафии, төртiншiсi, Имам Ахмед бин Ханбал, Аллаһ оларға разы болсын. Бүгінгі таңда бұл төртеуiнiң біреуінің жолын ұстанбайтын адамның ахиреті өте үлкен қауiп-қатерде. 

Бұл төрт имамның шәкiрттерiнен екеуi иман саласында үлкен дәрежелерге шықты. Сондықтан әһли сүннет ақидасы, сенімі екi мазһабта қалыптасты. Құран Кәрiм мен хадис шәрифке сай болған иман, сенім, ақида осы екi ғалымның көрсеткендері болды. Фырқа-и нажия (тозақтан құтылған топ) болған әһли сүннеттiң иман негіздерiн жер жүзiне жайған осы екi ғалым. Бiрi, Әбу Мансур Матуриди, ал екiншiсi Әбул Хасан Әли Әшари.

Ислам ғалымдары Құран кәрiмде және хадис шәрифтерде мадақталған. Бір аятта былай делiнедi: «Бiлетiндер мен бiлмейтiндер тең бола ма?» Басқа бiр аятта болса: «Ей, мұсылмандар! Бiлмегендерiңдi бiлгендерден сұраңдар», - деп бұйырылды.