Untitled Document

Сұхбат... Ең үлкен күнә

Сұрақ: Намаз оқу ғибадат, яғни сауап болғанына қарағанда, бұл сауапты күнде істеудің орнына бос уақытымда немесе зейнетке шыққанда істесем не зияны болады? Оразаны да жыл сайын белгілі бір айда емес, зейнетке шыққанда барлығын бірден ұстасам не болады? Нәтижеде бұлардың есебін өзім беретін болғандықтан, сауап амалды істеуді кешіктіруім немесе мүлдем істемеуім неге күнә болады?

Жауап: Намаз оқымайтын көп адам намаз оқуды тек сауап қана деп ойлайды. Намаз оқымау ең үлкен күнәлардың бірі. Ішімдік ішуден де үлкен күнә. Хақ болған төрт мазһабтың үшеуінде намазды біле тұра әдейі тастаған адамның жазасы өлім болып табылады. Бұл жаза намаздың маңызын көрсетуде.

Намаз бен оразалардың қазасын зейнетке шыққанда өтесе де, кешіктіргені үшін харам істеген болады. Сонымен қатар бір ғибадатты уақытында орындау мен қазасын өтеудің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Хадис шәрифте былай делінген:

«Рамазанда бір күн ораза ұстамаған адам оның орнына бір жыл ораза ұстаса, Рамазандағы сол бір күннің сауабына жете алмайды». (Тирмизи).

«Есебін өзім беремін» деп айту да үлкен қателік. Мүлдем намаз оқымайтын, тіпті иман келтірмеген адам да «Есебін өзім беремін» деп айта алады. Ішімдік ішетін адам да дәл солай айта алады, осы сияқты басқа күнәні істейтіндер де, ораза ұстамайтындар да дәл осылай айта алады. Нәтижеде зияны өзіне болады.