Untitled Document

Сұхбат... Арапа күнінің маңыздылығы

Қасиетті түндерге өзінен кейін келетін күннің атауы беріледі. Яғни алдымен түні, кейін күні келеді. Бірақ Арапа және Құрбан айттың үш түні олай емес. Бұл төрт түн күндерінен кейін келеді. Арапа тек қана Зүл-хиджаның 9-шы күні. Яғни Құрбан айттан бір күн бұрынғы күн. Ораза айттан бұрынғы күнге және басқа да күндерге арапа деп айтылмайды.

Арапа күні жасалатын амалдардың кейбірлері мыналар:

1) Арапа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінді намазына дейінгі 23 намазда ер-әйел барлық адам парыз намаздардан кейін сәлем бере сала «Аллаһуммә әнтәссәлам...» дұғасын оқымай тұрып уәжіп болған тәшриқ тәкбірін оқуы керек.

Тәшриқ тәкбірі: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Ла илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уә лилләһил-хамд».

Парыз намаздарынан басқа айт және жұма намаздарынан кейін де оқылады. Мешіттен шыққаннан кейін немесе сөйлескеннен кейін оқу міндетті емес. (Халеби).

2) Зүл-хиджаның алғашқы 9 күнінде ораза тұту өте сауапты болады, бірақ Арапа күні ораза тұтудың сауабы одан да көбірек.

«Арапа күні ұсталған ораза 1000 күн тұтылған (нәпіл) оразаға тең». (Табарани).

3) Бұл күнді мүмкіндік деп білу керек. Оны жіберіп алмауға тырысу керек. Хадис шәрифте айтылғанындай:

«Дұғаның қадірлісі – Арапа күні жасалған дұға». (Бәйһақи).

4) Арапа күнін ғибадатпен, Аллаһу та’аланы зікір, тәфәккур етіп өткізуге, адамдарға жақсылық жасауға тырысу керек!

«Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені Арапа – Аллаһу та’ала қадірлеген күн». (Дәйләми). (Құрметтеу – күнә істемеу арқылы жүзеге асады).

«Арапа күні құлағына, көзіне және тіліне ие болған адам кешіріледі». (Табарани).