Тарих... Аққа қамалы
Еуропаның Цезарьдан кейінгі ең мықты қолбасшысы болып саналатын Франция императоры – Наполеон, Мысырға көз тігеді. Франция үкіметі бұл көздегеніне жету үшін ыңғайлы сәтті күткен еді. Осман империясының басшылығындағы қателіктердің Мысыр халқын және Мәмлүк сұлтандарын ызаландыруы, Франция үкіметі күткен сәттің туғанындай болды. 1798 ж 450 теңіз флоты және алпыс мың әскерден құралған Франция жасағы Александрия қаласын орап өтіп, Мысырға кіріп келді. Мысырға соғыс әрекетін бастар алдында Наполеон пирамидалардың жанында тұрып, әскеріне тәкаппарлана қарап: «сендерге бұл жерде 4000 жылдық тарих қарап тұр» деді.
Газа аймағын басып өткен Наполеон Палестинаға қарай жылжи бастады. Яффа қаласын басып алып, ол жердегі он мыңға жуық әскер мен қарапайым халықты қырғынға ұшыратты. Стратегиялық жер болып саналатын Палестинаның солтүстігінде орналасқан Аққа қамалына жетіп 1799 ж 18 наурызда сол қамалды қоршауға алады.
Мысыр мен Палестинаны оңай тәсілмен басып алған Наполеон, Аққа қамалын да 1-2 күнде басып аламын деп ойлап, қамал қолбасшысы Джаззар Ахмет Пашаға «беріліңдер» деп хат жолдайды. Джаззар Ахмет Паша: «Аллаһқа шүкір қару ұстап соғысатындай күшіміз бар. Енді қалған бірнеше күндік өмірімізді саған қарсы шайқаста өткіземіз» деп жауап қайтарады. Наполеонның Аққа қамалына шабуылы 64 күнге созылады. Аққа әскері Наполеон әскерінің әр шабуылына тойтарыс беріп, нәтижесінде Наполеон әр шабуылдаған сайын әскерлерін жоғалта берді. Бұған дейін жеңілу дегенді білмеген Наполеон, Аққа әскерінің көрсеткен қаһармандығына, батылдығына таң қалады. Бүкіл еуропаны, тіпті дүние жүзін тізе бүктірген Наполеон, III-ші Сәлим Ханның бір уәзірінің басын идіре алмағанына түңіліп «Тағдыр мені бір қарттың қуыршағы етті» деген сөзді айтты. Әскерінің жартысынан айрылған Наполеон, өзінің жеңілгенін түсініп, жүктерін құмға көміп, сол жылдың 21 мамырында Каир қаласына қайтты. Ол жерде де жұмыстары оңға баспай 1799 ж 25 шілдеде әскерін Мысырда қалдырып, өзі екі кемемен қашып кетті. Осылайша Наполеон өміріндегі ең үлкен сабақты Османлыдан алып, Францияға қайта оралды. Тарих беттерінде Наполеонның: «Аққа қаласы мені тоқтатпағанда бүкіл шығысты жаулап алар едім» деген сөздері қалды.