Отбасы... Жақсы адаммен үйлену керек
Үйленуге бел буған жігіттің болашақ жарының бойындағы ерекшеліктерден – жақсы мінезді болуына, діндарлығына, салихалы, ар-ұятты болуына, көшеде ашық-шашық жүрмеуіне аса мән беруі керек. Қыз баланы да діндар және арақ, маскүнемдік, ұрлық, зорлық-зомбылық сияқты күнә атаулыдан ұзақ тұратын жігітке тұрмысқа беру керек. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Жақсы мінездей тектілік болмайды». (Ибн Мажә).
«Әйелді не байлығы үшін, не сұлулығы үшін, не діндарлығы үшін алады. Сендер діндар болғанын алыңдар! Материалдық және рухани ниғметтерге қол жеткізесіңдер!» (Бұхари).
«Қызын пасыққа (ашық түрде күнә істейтін адамға) тұрмысқа берген адамның дұғасы және ғибадаттары қабыл болмайды». (Шира).
Қыз да, жігіт те болашақ жарының бойында мына үш қасиеттің болуына мән беруі керек: Діндар болуы. Дені сау болуы, жанұялық өмірге көлеңке түсіретін аурулары болмауы. Жақсы мінезді болуы. Болмашы нәрсеге ашуланатын, бүргеге ренжіп көрпесін өртейтін адамдардармен тұрмыс қиын болады. Осы қасиеттері бойында бар ұлды да, қызды да теңімен үйлендіру қажет. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Қыздарыңды теңіне, лайық болған адамға тұрмысқа беріңдер». (Тирмизи).
Теңі дегеніміз жігіттің тегінде, мал-мүлкінде, дін амалдарында және қасиетінде қызға лайықты болуы деген сөз. Әйтпесе бай болу, айлығы көп болу, дипломды болу деген сөз емес. Теңі – жігіттің салих мұсылман болуы, намазын оқуы, арақ ішпеуі, яғни исламға мойынсұнуы және нафақасын (тұратын үй (аренда), киім, тамағын т.б.) қамтамасыз ете алатындай кәсібі болуы деген сөз. Яғни бір отбасыны асырай алатын, жауапкершілікті болуы керек.