Untitled Document

Ғұлама... Абдуллаһ бин Мәсуд (радиаллаһу анһ)

Абдуллаһ бин Мәсуд сахабалардың атақтыларынан, исламға алғаш келгендердің алтыншысы. Жас кезінде иман келтірген. Құран кәрімді және көптеген хадис шәрифтерді жатқа білген. Екі рет Хабашстанға және Мәдинаға хижрат еткен. Бүкіл соғыстарға қатысқан және жәннатпен сүйіншіленген. Қысқа бойлы, аздап қараторы өңді, арық денелі еді. Пайғамбарымыз ол туралы: «Сендер Ибн Мәсудтың денесінің арықтығына қарамаңдар, мизанда (ахиретте таразыда) бәріңнен ауыр келеді» деген.

Абдуллаһ бин Мәсуд пайғамбарымыздың кеңесшісі және қызметшісі еді, әрдайым пайғамбарымыздың жанында жүретін, тіпті үйіне кіруге рұқсат берілген еді. Сахабалардың таңдаулыларынан болатын. Пайғамбарымыздың жанында көп жүргендігі соншалық, адамдар оны пайғамбарымыздың «әһли бәйтінен» (отбасынан) деп ойлайтын. Хазреті Абдуллаһ бин Мәсуд фиқһ және тәфсир ілімдерінде де сахабалардың алдыңғы қатарлыларынан болатын. Осы тұрғыда өзі былай дейтін: «Аллаһу та’алаға ант етемін, Кітабуллаһта (Құран кәрімде) кім туралы екенін, қайда түскендігі туралы мен білмейтін бірде-бір аят жоқ. Егер кітабуллаһты менен де жақсы білетін адам туралы хабар алсам, міндетті түрде сонда барамын». Куфа қаласында атқарған міндеттерінің бірі адамдарға діни білім үйрету еді. Ханафи мазһабының негізі осы Абдуллаһ бин Мәсудқа (радиаллаһу анһ) тіреледі. Ибн Мәсуд хазрет өлім аузында жатқанында хазреті Осман: «Қыздарыңа мұраға не қалдырдың?» деп сұрағанда: «Мен оларға «Уақиа» сүресін үйреттім. Мен пайғамбарымыздан естідім: «Кімде-кім түндері, ақшамнан кейін, «Уақиа» сүресін оқитын болса кедейлікке, таршылыққа душар болмайды» деген» деп жауап береді. Ибн Мәсуд хазреті Османның халифалығына дейін Куфада болып, хазреті Османның шақыруымен Мәдинаға оралады. Хижри 32 жылы (м.652) 60-тан асқан шағында өмірден өтеді. Бақи мазарына жерленген.