Untitled Document

Сұхбат... Не толық істеу, не мүлдем істемеу пікірі

Сұрақ: Мен намаз оқитын, ораза ұстайтын және харамдардан сақтануға тырысатын әйелмін. Бірақ оранбағанмын. Екі топ адам маған тиіседі. Бір бөлігі былай дейді: Басың ашық болғандықтан ешбір ғибадатың өтпейді, босқа әуре болма, бекерге ғибадат жасама. Ислам діні бір бүтін, оны толығымен ұстану керек.

Бір бөлігіне де ғайбат айтпаңдар, арақ-шарап ішпеңдер, өтірік айтпаңдар деген сияқты сөздер айтқан кезімде, сен де басыңды ашып жүрсің ғой, дейді. Олардың мені осылай сынағандары дұрыс па?

Жауап: Әрине дұрыс емес. Өкінішке орай бүгінде «Не толық істе, не мүлдем істеме» дегендей көзқарас бар. Мәселен «Намаз оқымасаң ораза тұтпа», «Намаз оқымасаң күнә істей бер» дегендей пікірлер белең алған. Дінімізде иман «Не бар болады, не жоқ болады». Яғни иманның азы, көбі болмайды. Иман не бар болады, не жоқ болады. Иманның шарттарының тіпті біреуін де жоққа шығару күпір болады. Бірақ ғибадаттардың біреуін орындамаған немесе күнәлардың біреуін істеген адамға кәпір делінбейді. Кейбір ғибадаттарды орындамаған адамға немесе кейбір күнәлардан сақтана алмағандарға «сен осы күнәны істеп жүрсің, енді ғибадат етудің қажеті жоқ» деуге болмайды. Бірақ күнә кіші болса да сақтануға тырысу керек. Бір күнәны істеп жүрген адам басқа күнәларды істей бастайды. Бір күнә басқа күнәларды шақырады. Күнә – қарсы шығу деген сөз. Ақылды адам Раббына қарсылығының мөлшерін арттыра ма? Керісінше, азайтуға тырысады.

Имам Раббани хазрет:

«Бүкіл күнәларға тәубе етіп, барлығынан тыйылу үлкен ниғмет. Бұл нәрсе орындалмаса, ең болмағанда кейбір күнәларға тәубе ету де ниғмет. Бәлкім соның берекесімен басқа күнәларға да тәубе ету нәсіп болады. «Бір нәрсені толығымен орындай алмаған адам ең болмағанда барлығынан да айрылып қалмау керек» деген.