Untitled Document

Денсаулық... Денсаулық хабаршылары

Біздің тәніміз – ішкі ағзаларымыздың қызметіндегі қандай да бір өзгерістер мен ақаулар жайлы үнемі ақпарат беріп отыратын күрделі механизм. Осындай белгілердің біршамасын ұсынамыз.

- Көз асты терісінің қараюы ұйқы қанбағаннан болуы мүмкін. Бұл ретте дәрігерлер тәулігіне кемінде 7-8 сағат ұйықтауға кеңес береді. Алайда ағзамыздың мұндай белгісі қан аздықтың салдарынан болуы мүмкін. Қанымыз азайғанда ағзамызда эритроциттер аз бөлінеді. Нәтижесінде көз асты терісі қарая бастайды.

- Егер саусақтарыңыздың түсі жиі өзгеретінін байқасаңыз, оның себепсіз еместігін біліңіз. Оған Рейно феномені себеп болуы ықтимал. Ағзаның мұндай күйінде суық температура қан тамырларының тарылуына алып келеді. Мұның салдарынан саусақтарымыздың түсі өзгереді.

- Егер көзіңіз тез әрі жиі шаршап, қалыпты қашықтықтан адамдарды не жол белгілерін аңдай алмайтын күйге жетсеңіз, мұндай белгі астигматизмге меңзеуі ықтимал. Міндетті түрде көз дәрігеріне көрінгеніңіз абзал.

- Іштің құрылдауы ішек қызметімен байланысты. Егер ағзаңыздағы мұндай белгі сирек байқалса, ешқандай қауіп жоқ. Ал егер ішіңіз жиі құрылдаса немесе аурумен байланысты болса, дәрігерге көрінуіңізді қажет етеді.

- Терінің құрғауы – дәрумен жетіспеушілігінің белгісі. Бұл орайда дұрыс тамақтану теріңізді қалпына келтіріп, жарқырата түседі. Ал егер терінің құрғауы қышумен қатар жүрсе, міндетті түрде дәрігерге көрініңіз. Ол шек ауруының белгісі болуы ықтимал.

- Ұзақ уақыт бойы қабақ тартылуы көзге салмақ түскендігін білдіруі мүмкін. Одан арылу үшін, мақтаны суық сумен дымқылдап алып, көзге басып қою керек. Егер бұл әдістің көмегі болмаса, невропатологтың көмегіне жүгініңіз. Ағзаңыздың мұндай белгісі жүйке жүйесінің бұзылуынан хабар беруі ықтимал.

- Тиннитус — құлақтың шулауы не шыңылдауы. Көбіміз құлақтың шыңылдауына мән бермейміз. Тіпті денсаулығымыз үшін қауіпті санамаймыз да. Алайда құлақтың үнемі шыңылдауы ағзамыздағы ақаудың себебінен болуы мүмкін. Десе де оның кең таралған себебі – қызметіне байланысты үнемі шулы жерде болу.